Еңбек ет те, міндет ет

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ «ЖТ – Шымкент бөлімшесі» филиалының кәсіподақ комитеті мен кадр бөлімінің басшылары тораптық бекеттердегі теміржолшыларға ұжымдық келісімшарттың тиімділігін түсіндіруде.

Бөлімше кәсіподағы комитетінің төрағасы Хайролла Сәрсенов бастаған топ осы тақырыпты кеңінен талқылау үшін Арыс станциясында, локомотив пайдалану депосы мен  вагон жөндеу депосында болды.

–2015-2017 жылғы қабылданған келісімшартқа қарағанда, бұл жолғы өзгерістер қандай дегенге келсек, әрине әлеуметтік салаға, денсаулықты жақсартуға қаражат көбірек бөлінгені қуантады. Мәселен, тіс емдеуді айтсақ болады. Ұжымдық шарт бойынша тісті протездеу үшін бұрын алдымен ақшасы төленетін, ал қазір зейнеткер өз ақшасымен тісін емдеткеннен кейін барып тиесілі қаржыны алады. Міне, осы мәселеге зейнеткерлердің көңілі толмауда. Сондықтан, қайта қараса деген ұсыныс айтуда.  Ал, отбасында жаңа туылған нәрестеге берілетін қаржы көлемі ұлғайғаны жақсы жаңалық ретінде қабылданып отыр. Келісімшартты арнайы кітапша етіп шығарып, осы құжат негізінде жұмыс істейтін кадр, кәсіподақ, есеп-қисап жүргізетін салаларға таратпақпыз.  Қазір отыз данасын шығаруға ұсыныс бердік. Сонымен қатар, электронды нұсқасының көшірмелері берілуде,– дейді Хайролла Амантайұлы. 

Сондай-ақ, жаңа келісімшартта  кісі қайтыс болған жағдайда берілетін көмек көлемі едәуір азайғаны да сөз болуда екен. Мәселен, мынадай  оқиға болыпты. Желтоқсанда жақыны қайтыс болған маман, ол жәрдемді алуға өтінішті қаңтарда береді. Көмек былтырғы ұжымдық шарт құжатына сай берілу керек. Мамандар  өтініш биыл жазылғандықтан, жаңа шартқа сай береміз бе, ескісімен бе деп біраз ойланыпты.  Яғни ол адам ескі ұжымдық шарт бойынша алса,  көбірек қаржы алады, ал жаңа шарт  бойынша азырақ алады. Міне, осындай даулы мәселелерді түсіндіру үшін ел ішін аралып, теміржолшылармен кездескен топ еңбек ұжымдары өте белсенді болғанын айтады.

–Теміржолшылардың ұжымдық келісім шарты бұрыннан жақсы жүйеленген. Одақ кезінен келе жатқан кейбір нұсқалар мен жеңілдіктер сақталған. Оның өзі теміржолшының жұмысына деген ынта мен ертеңіне сенімділілік әкеледі. Жақында жалақы он пайызға көбеймек.  Тағы бір жағымды жаңалық,  бұл жолы  теміржолшылар денсаулығын түзеу үшін шипажайда демалуға, ем алуға көбірек көңіл бөлінгені де көптің ойынан шығып отыр,– дейді кәсіподақ төрағасы.   

Бекәли АЛТЫН, Шымкент

You may also like...

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Показать кнопки
Скрыть кнопки