Онлайн ашық сабақ өткізді

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Алдыңғы шепте көзге түсіп жүрген теміржолшылардың тәжірибесі мен еңбек жолы жастарға үлгі өнеге болуы тиіс. 

 Жуырда Достық станциясының ашық жылжымалы құрамға жүк тиеу және бекіту сызбаларын әзірлеу, қарастыру зертханасының бастығы Данияр Бимашев Алматы темір жол көлігі колледжі басшыларының сұрауымен ZOOM платформасында осы оқу орнының 2 және 3 курс студенттеріне арнап онлайн ашық сабақ өткізді. Теміржолшы маман өз тәжірибесімен бөлісумен қатар, жастарға ұлттық компанияда жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы тереңірек түсіндіріп берген. 

– Компания көлемінде жүк тасымалын жүзеге асыруда Достық станциясының қаншалықты рөл атқаратынына тоқталдым. Пандемияға қарамастан бұл шекаралық станция арқылы жүк тасымалы тоқтаусыз жүріп жатыр. Сонымен қатар біздің станцияда ірі логистикалық терминалдар салынуда. Бұдан бөлек болашақ теміржолшыларға компанияның «ҚТЖ -100 жас есім» жобасы туралы айтып бердім. Өзім де осы жоба жеңімпазы ретінде компанияда жастардың дамуына зор мүмкіндіктер жасалып жатқанын жеткіздім. 

Ал биыл корпоративтік блогер жобасы жүзеге асырыла бастады. Соның бәрі де жастарға арналған. Бұл олардың осы салада ынталы еңбек жолын бастап, әрі қарай өнімді жұмыс істеуіне септік етуі керек деп санаймын, – дейді Данияр Бимашев. 

Айта кетейік, болашақ теміржолшыларды дайындайтын жоғары және орта арнаулы оқу орындары басшыларының ұсынысымен компания филиалдарындағы мамандар студенттерге дәріс беріп, кездесіп, тәжірибелерімен бөлісу дәстүрі бұрыннан бар.