Әрбір екінші вагон – көмір тасымалында

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

«ҚТЖ» ұлттық компаниясында халықты коммуналдық-тұрмыстық көмірмен қамтамасыз ету мәселелерін шұғыл шешетін көмір тасымалы бойынша штаб қызу жұмыс істеуде. 

Штаб жүк жөнелтушілер өтінімін қамтамасыз ету, айналымды орындау және жүк операциялары кезінде вагондардың көп уақыт кідірісте болуын қысқарту бойынша тәуліктік бақылау жүргізіп келеді. Шұғыл штабтың басты міндеттерінің бірі жылу-электр орталықтары (ЖЭО) мен мемлекеттік аудандық электр станцияларының (МАЭС) қоймаларындағы қатты отын қорын тәулік сайын мониторингілеу болып табылады. Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша ЖЭО және МАЭС қоймаларында ҚР Энергетика министрлігі белгілеген нормативтерден асатын алдын ала отын қоры жасалған. 

Десек те, Ақсу МАЭС пен Өскемен ЖЭО-да көмірдің қажетті көлемі жоқ екені байқалды. Бұл олқылықтың орнын толтыруға штаб дереу кірісті. 

Сөйтіп, дұрыс жолға қойылған жүйелі жұмыстың нәтижесінде штаб пен жүк жөнелтушілер аталған кәсіпорындардың қоймаларында көмірдің жинақталу көлемін ұлғайту бойынша шаралар қабылдады. 

Және де жүк жөнелтушілермен бірлесе әрекет ету нәтижесінде өскемендік ЖЭО-ға бағытталған тас көмір тиелімі жоспары 140% орындалса, Ақсу МАЭС-на қатысты мәселе 10 тәулік ішінде оң шешімін тауып, тоқтаусыз жұмыс істеу үшін көмірдің жеткілікті қоры жасалды. 

Апта сайын онлайн-режимде жол бөлімшелерінің, мүдделі мемлекеттік құрылымдар, көмір разрездері өкілдерінің қатысуымен ҚТЖ-ның шұғыл штабының жиналысы өтіп, оның барысында барлық мәселелер жұмыс тәртібі шеңберінде шұғыл шешімін тауып жататынын айтады жүк тасымалы шаруашылығына жауапты мамандар. 

Егер нақты деректерге сүйенсек, үстіміздегі жылдың қазан айында 2020-2021 жылдардың жылу маусымына дайындық шеңберінде Қазақстан темір жолы желілері арқылы 9,7 млн тонна тас көмір тиелгенін көрер едік. Бұл көрсеткіш өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 2% жоғары болып отыр. Соның ішінде, 7 млн тонна көмір теміржол көлігімен республика ішіне тасымалданып, өсім 4% құраған. Қазіргі кезде қазақстандық жекеменшік иелерінің жалпы паркі 60 мың ашық вагон шамасын құрап отыр. Атап өтерлігі, әрбір екінші вагон көмір тасымалдауға жұмылдырылған.