Абырой сыйлаған адал еңбек

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Теміржол саласында қырық жылға жуық еңбек еткен Ақылбай Сағандықов құрметті демалысқа шықты. Өз ісінің майталманы болған теміржолшының есімі вагон шаруашылығы қызметкерлеріне жақсы таныс. 

Омбы теміржол көлігі инженерлері институтын бітіріп, алғашқы еңбек жолын Бурабай курорты станциясындағы вагон депосында жылжымалы құрамды жөндеу бойынша слесарь болып бастаған Ақылбай Сағандықов сол заманның үрдісімен қызметте сатылай өсті. Алдымен вагон қараушы болды, сосын Техникалық қызмет көрсету пунктін басқарды. 

Еңбек жолын қара жұмыстан бастаған жанға жұмыстың үлкен-кішісі, ауыр-жеңілі болмайды.

Ол өзіне жүктелген жұмысқа жауапкершілікпен қарап, абыроймен атқарды. Уақыт өте келе қол жеткізген жетістіктері мен еңбектегі жемісті нәтижелеріне, сөз жоқ, осы адал еңбегі арқылы жетті. Бір кездері слесарь болып кірген депосының барлық қызмет сатыларынан өтіп, 2002 жылы оның директоры болып тағайындалды. 

Депоның тыныс-тірлігін бес саусағындай білетін Ақылбай Сағандықов басшы болған жылдары бурабайлық вагон пайдалану депосының техникалық жағынан дамуына, мамандардың біліктілігін арттырып, білімдерін жетілдіруге ерекше көңіл бөлді. Еңбек қорғау және еңбек қауіпсіздігі мәселелері де назардан тыс қалмады. Бас инженер қызметін атқарған кезде ол еңбек қорғау мәселелерінің осал тұстарымен жақсы таныс болған еді.

Сондықтан білікті басшы жұмыс орындарын жақсартуға, өндірістегі қызметкерлерге қолайлы еңбек жағдайын тудыруға барын салды. Ақылбай Сыздықұлымен қызметтес болған әріптестері, оның басты қасиеті ретінде тиянақтылық, ұқыптылық, яғни әр нәрсенің өз орнында болғанын қалайтынын және де қай нәрсенің байыбына егжей-тегжейлі жетіп барып, стандартты емес шешімдер қабылдау екенін айтады. Іскерлігімен танылған басшы кейін Ұлттық компанияның вагон шаруашылығы департаментіне ауысып, әртүрлі қызметтерді атқарды. 2005 жылы ұзақ жылғы еңбегі Компания басшылығы тарапынан бағаланып, «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен марапатталды.

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ ұжымы вагон шаруашылығының қызметіне өзіндік үлесін қосқан майталман маманды зейнет жасына жетуіне байланысты құрметті демалысқа шығарып салып, кәсібін нәсібі деп білген, оған барынша адалдық танытқан теміржолшыға көп жылғы еңбегіңіздің зейнетін көріңіз деген тілек айтты.