Бірлескен рейд өткізді

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Бөлімше аумағында пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтауды арттыру, жергілікті тұрғындардың аса қауіпті аумақ саналатын теміржол бойынан өткенде сақтық шараларын қатаң сақтауын ескерту – теміржолшылардың ұдайы жүргізетін жұмыстары. 

Бұл жолы «Әскерилендірілген теміржол күзеті» АҚ Қызылорда станциясындағы атқыштар командасының сарбаздары Жандос Тарманов пен Руслан Батаев, Қызылорда жол дистанциясының инженері Майра Бадрақова, ЖІІб полиция майоры Асыл Сапарбек, Нұр Отан партиясының «Теміржол» филиалының өкілі Бағдат Серікұлы мен теміржол еріктілері қаланың КБИ мен Шұғыла тұрғын ауданы тұсындағы жаяу жүргіншілер өтетін теміржол өткелінде рейд жүргізді. Олар теміржол өткелінен өткелі келе жатқан тұрғындарға аумақтың аса қауіпті санатқа жататындығын, одан өтер кезде жан-жағына абайлап қарап алып, пойыздың жоқ екеніне көз жеткізген соң өту керектігін түсіндірді. Тұрғындар тарапынан да ұсыныс айтылып, тілектерін жергілікті атқарушы билікке жеткізуін өтінгендер де болды. Мәселен, КБИ тұрғын ауданының тұрғыны өткелден кешкілік және түнгі мезгілде өту қауіпті әрі қорқынышты екенін айтып, ондай мезгілдерде жолдың анық көрінбейтіндігін ескеріп жарық орнатылса деген өтініш білдірді. 

– Менің жұмысым қаланың ішінде болғандықтан осы төте жолмен күніне кемінде екі-үш мәрте өтемін. Кейде кешқұрым үйге қайтқан кезде айнала қараңғы түсе бастағанда мына таса жерлерде бейсауыт адамдар жүреді, полиция жасағы мұнда күнде тұра бермейді. Айнала жарық болып тұрса, тұрғындар қоқысты да тастамас еді әрі адамдар да бейсауыт жүрмес еді деген ойдамын. Сондықтан бұл маңға жарық беретін бағана орнатылса деген өтініш-ұсынысым бар, – деді осы аудан тұрғыны Алдаберген Әлжан. 

Рейд барысында өткелден өткен үлкен де, кіші де, велосипед мінген жүргінші де, тіпті бір-бірін қуалап ойнап жүрген ойын баласы да кездесті, олардың бәріне ескерту жасалып, қауіпсіздік шараларын бұзған жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 559-бабының 5-тармағына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, жауапқа тартылатындығы түсіндіріліп, үнпарақ таратылды. 

Шынын айту керек, кейде жолшылар тарапынан өткелде кезекшілік ұйымдастырылып, жаяу жүргіншілерге пойыздың өтіп кетуін талап еткенде, тұрғындардың жолшылар тарапынан жасалған есертуге мән бермей, баса көктеп өткелдің әр тұсынан өтуге әрекет жасайтыны, тыңдамайтыны жасырын емес. Сондықтан бұл маңайдың құқық қорғаушылар тарапынан реттелуі қажет секілді.