Жылумен жабдықтау шешімін тапқан

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Алдағы 2020-2021 жылдардың қыс маусымына ерте бастан кіріскен «ҚТЖ» ҰК» АҚ еншілес ұйымдарының бірі «Теміржолсу» АҚ қазандық шаруашылықтары мен кадрларды суық түспей сақадай сай дайындық сапына келтірді. 

Қыс шанасын жаз сайлап үйренген мекеме барлық қазандық шаруашылықтарына жабдықтарының тозу деңгейіне қарай жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жылу жүйелері жуылып, гидравликалық тексеру сынақтарынан өткен. Сумен жабдықтау және жылу жүйесімен қамтамасыз ету қызметіне жауапты мекеме тұтынушылармен нысандардың ішкі жылу жүйелерінің дайындығына қатысты жұмыстар жүргізіп, жылу трассаларының жылуды оқшаулағыштарын анағұрлым жетілдірілген оқшаулағыш материалдармен алмастырған, әлбетте, бұл материалдар жылуды сыртқа жібермей сақтап қалып, көп шығынның алдын алады екен. Сонымен қатар теміржолшылар арасында «бірінші қыстаушылар» деп аталатын, яғни биыл бірінші рет қыс мезгілінде жұмыс істеп тәжірибеден өткелі отырған 68 қызметкерге қатал маусымда жұмыс істеудің қыр-сыры үйретіліп, оқытылған. 

Сондай-ақ, техникалық қажеттіліктер үшін отын жеткізуге, яғни 17052,6 тонна көмір және 2034,069 мың текше м3 көгілдір отын жеткізуге келісімшарт жасалған. Осы ретте, отын жеткізілімінде минималды 45 тәуліктік отын қорының сақталып отырғанын атауға болады. Қысқасы, қыс маусымына дайындық жұмыстары толық көлемде орындалып, қазандықтар бұл күнде түгел іске қосылған. Жұмысшылар қысқы арнайы киіммен және аяқ киіммен қамтамасыз етілген. 

«Теміржолсу» АҚ бас директорының өндіріс бойынша орынбасары Ермек Искаковтан алған деректерге сүйенсек, мекеме алдағы қыс маусымына сумен жабдықтау нысандарын дайындау барысында ауқымды шаруалардың басын қайырған. Мәселен, 189 су өткізетін насостық станция, 137 су мұнарасы, 790,0166 км су өткізу желілері, 58 кәріздік насостық станция, 48 нысандағы қазандықтар, 450 өшіру клапаны дайындалып, 49,413 км жылу трассасы тазаланып, гидравликалық сынақтан өтсе, Қарағанды-Сұрыптау, Мойынты, Ақжайық станцияларындағы қазандықтар жаңасына алмастырылып, ал Жосалы станциясындағы бұрын көмірмен жағылып келген қазандық көгілдір отынға көшірілген. Сонымен қатар 30 нысан ғимарат жөндеуден өтіп, жұмысшыларға 15768 жиынтық арнайы киім сатып алынған. 

«Теміржолсу» АҚ жұмысы сумен және жылумен жабдықтау шаруасымен шектеліп қалмай, теміржол кәсіпорындары құрылыстарының ғимараттарын жөндеу бойынша да ауқымды жұмыстарды атқарған. Мәселен, биыл Достық станциясындағы 58 көппәтерлі үйдің ішкі жертөлесіндегі инженерлік желілерге күрделі жөндеу жүргізіліп, 78 көппәтерлі үйдің жылу жүйелері тазаланып, опрессовкадан өткен. Шұбаркөл станциясы бойынша атқарылған күрделі жұмыстың бірі, жерасты суының деңгейі жоғарылағандықтан жылу жүйелерін жер үстіне шығара отырып, сәйкесінше жылудың сақталуы қамтамасыз етілген. 

Бұл жұмыс жалпы ұзындығы 1510 метрді құрайтын жылу трассасында жүргізілген. Семей магистральдық желі бөлімшесіне қарасты разъезде суды тасып әкелу мәселесін біржолата жою мақсатында ұзындығы 960 бойлық метрді құрайтын су өткізу желісі су шығаратын насостық станциясымен бірге салынған. Бұдан бөлек, бүгінде Достық станциясындағы Әскерилендірілген теміржол күзеті нысанында АБК ғимараты мен жатақханаға күрделі жөндеу жүргізілуде екен. 

2012 жылдан бері «Мөлдір бұлақ» бағдарламасын сәтті жүргізіп, сегіз жыл ішінде 524 теміржол станциясы мен разъездерінде 833 сумен жабдықтау нысаны мен кәріздерді күрделі жөндеуден өткізіп, бүкіл теміржол бойын таза ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған Теміржолсу бұл жұмыстарға 6,8 млрд теңге жұмсаған. Оның 3,6 млрд теңгесі «ҚТЖ» ҰК» АҚ инвестициясы болса, 2,4 млрд теңге «Теміржолсу» АҚның өз қаржысы, ал 849,9 млн теңге Магистральдық желі дирекциясының салымы болатын. Атап өтерлігі, 2015 жылдан бастап аталған Бағдарлама шаралары кәсіпорын мен ЦЖС-тың жеке қаржысынан жүзеге асырылып келеді. 

Ал 2018 жылдан бастап «Теміржолсу» АҚ көмір жеткізу бойынша қызметін қайта жандандырды. Биыл Ұлттық компанияның теміржол компанияларына техникалық және тұрмыстық қажеттіліктері үшін 116645 тонна көмірді жеткізіп беру жоспарланған.

Осы ретте, тұрмыстық көмір Шұбаркөл Премиум көмір разрезінен тиеліп тасымалданатын болса, техникалық көмір Майкөбен Компани және Жалын көмір разрездерінен жеткізілуде. 

– Қазіргі кезде теміржолшыларға арналған тұрмыстық көмірді жеткізіп беру жоспары 93% орындалса, техникалық көмірді жеткізу жоспарының 40% іске асты. Жылу маусымы басталғанға дейін теміржол кәсіпорындары 3 айлық көмір қорымен қамтамасыз етіледі, ал әрі қарай көмір жеткізілімі келісілген кестеге сай жүзеге асатын болады, – дейді «Теміржолсу» АҚ бас директорының өндіріс бойынша орынбасары Ермек Искаков.