Қараусыз мал қауіпті

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Биылғы жылғы тоғыз ай ішінде Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі бойынша теміржолда 10 мал басу дерегі тіркелді. Соның бесеуінде ғана мал иесі табылып, оларға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынған. 

Әрине, кімдікі екені анықталмағандары да иесіз мал емес екені белгілі. Ендеше, тұрғындардың қауіпті біле тұра әлі күнге малды теміржол маңына бос жіберіп, жауапкершіліктен жалтару себебі неде? 

− Пойыздың алдына шыққан бір малдың кесірінен жол қозғалысына қаншама зиян болады. Жол қозғалысына қауіп туындап, тепловозға зақым келуі, артық жанармай шығындалуы, пойыздардың уақытынан кешігуі сияқты артық шығынға ұшырататын жағдайлар кездесуі мүмкін. 

Осыны халық түсініп, теміржолға жақын ауылдарда мал шаруашылығымен айналысушылар қажетті шараларды қолданса дейміз. Бұл туралы тұрғындарға айтудай-ақ айтып келеміз. Дегенмен, нәтиже – мынау. Мал басылған жағдайда бағусыз малдардың құлағында ен-таңбасы болмағандықтан оның кімдікі екенін анықтау қиындық туғызады. Кей кездері иесі белгісіз күйде қалып кетеді, – дейді Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінің жетекші инженері Нұржан Мүсірханов. 

Еске сала кетейік, Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі бойынша басты жол ұзындығы 1115,2 км құраса, қазір соның 478,3 км малға қарсы қоршаумен қоршалған. Осы жылы 78 км жаңа қоршау тұрғызу жоспарланған. Үш тоқсан қорытындысы бойынша соның 62 км орындалған.