Ішкі тренерлікке оқытылуда

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Қазір «ҚТЖ» ҰК» АҚ ішкі тренерлері деген ұғым пайда болды. Олар кім, қайдан шықты және не үйретеді? Бұл туралы компанияның өндірістік қауіпсіздік және экология департаментінің бас менеджері Алтынай Жатқанбаевадан сұрап білдік. 

Оның айтуынша, жалпы ішкі тренерлерге «Қауіпсіздіктің іс-әрекет диалогы» бағдарламасы бойынша білім алған қызметкерлер жатады. Бағдарламамен оқу 3 сағаттан тұратын 3 бөлікті қамтиды. Ең алғашқы күні бірінші болып компанияның басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев бастаған елордадағы жоғары басшылар оқытылды. Үш бөліктің біріншісі – компанияның бүгінгі ахуалы туралы толық ақпарат беру, оның ішінде өндірістік жарақат алу, қоғамның жарақат алу оқиғаларына байланысты қаржылық шығындары жағдайы, басқа да ахуалы толық айтылады. Екінші бөлігінде нақты шынайы оқиғаға негізделген мотивациялық фильм көрсетіледі. Бұл фильмге компания басшылығы былтыр теміржолда 2 жолшының жөндеу жұмыстары кезінде пойыз астына түсіп қалу оқиғасын арқау еткен. Сол оқиғада қай жерде кімнен қандай қате жіберілді, қандай қауіпсіздік ережелері сақталмады, соның бәрін ашық, анық көрсетіп, сонымен қатар қаза тапқан жас теміржолшылардың өмірін баяндай келе, эмоционалдық тұрғыда адамның сезіміне әсер ететіндей етіп түсірілген. Үшінші бөлік – ҚТЖ бойынша іске қосылған мобильді қосымша жұмысы туралы болды. Қазіргі таңда бұл қосымшаға 106 мың теміржолшы, яғни қоғамның 93 пайыз қызметкері тіркеліп, қолданып жүр. 

Бұл қосымша ішкі бақылауды күшейтіп, барлық кемшіліктерді дер кезінде анықтау, оны жою бойынша деректерді енгізуге арналған және ол қағазбастылықты азайтады. Оның қызмет ауқымы бұдан да үлкен. Сол арқылы бір мезетте барлық теміржолшы ҚТЖ аумағындағы өз саласына қатысты өндірістік жаңалықтардан хабардар болып отырады. Ол өте қарапайым әрі ыңғайлы.

– Аталған бағдарлама бойынша былтыр желтоқсан айынан ішкі тренерлерді оқыта бастадық. Бірінші басшыларды оқыттық.

Сосын олар өздері әрі қарай өңірлердегі филиалдар қызметкерлерін оқыта бастады. Біз мақсатты түрде іріктеп алып, тек 300-ге жуық теміржолшыны оқумен қамтыдық. Олардың мамандықтары әр түрлі. Солардың ішіндегі ең белсенділері – 50 адам, – дейді Алтынай.

Бұл бағдарлама аясында оқыту биыл қаңтар айынан бастап қыркүйекке дейін жүргізіліп, наурыздың соңына қарай карантин басталғасын сырттай ЗУМ арқылы оқу басталған. Бүгінде барлығы 83 мыңға жуық қызметкер, яғни 93 пайыз теміржолшы оқытылған. Негізі биылғы жоспар 90 мыңға жуық өндірістік персоналды оқыту екен. Енді барлық қызметкерлерді қамту көзделуде. Қазір ішкі тренерлер белсенді түрде күн сайын сабақ өткізуде. Шілде айында аталған бағдарлама бойынша басқа да модульдер енгізілген, атап айтқанда, ішкі бақылау бойынша модуль, қоршаған ортаны қорғау және оқиғаны басқару, төтенше жағдай саласы қосылыпты.