Көш жалғасып жатыр

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

«ҚТЖ» ҰК» АҚ көлемінде жүзеге асырыла бастаған «Пойыздар қозғалысын басқару орталығы» трансформация жобасы шеңберінде мамандар ауыстүйісі жүріп жатқаны белгілі. Себебі Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Орал, Қызылорданы қосқанда бес бірдей бөлімшенің диспетчерлік орталықтары енді бір орталықтан басқарылады. 

Батыс өңірі бойынша пилоттық жоба Ақтөбе станциясында құрылған орталықта іске асырылады. Сондықтан өткен айда Ақтөбеге басталған көш әлі жалғасып жатыр. 

Осы аптада кезек маңғыстаулықтарға да келіп жетті. Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің диспетчерлік құрамы – шұғыл басқару тобы көштің басын Ақтөбеге бұрды. 

«Пойыздар қозғалысын басқару» жобасын жүзеге асыру нәтижесінде пойыздардың өзара жақындауы, бағыттамалы бұрмалардың, бағдаршамдардың көрсеткіштері туралы ақпараттарды алу және беру процесі автоматтандырылатын болады. Бұл ҚТЖ үшін тарихи маңызды оқиға, тасымалдарды басқару процесін автоматтандыру компанияның дамуына айтарлықтай әсер етіп, шығынды азайтып, ал табысты арттыра түспек. 

Осындай ортақ іске өз үлесімізді қосу үшін біздің де алғашқы он қызметкеріміз кетіп барады. Оларға сәтті сапар, ақ жол тілеп шығарып салып тұрмыз. Жалпы, бұл көш екі кезеңнен тұрады. Екінші топ тағы аттанатын болады. Диспетчерлік орталықтарды көшіру кезеңкезеңімен жүргізіледі және биыл қараша айына дейін созылады. Түбек теміржолшыларының көшу уақыты 2020 жылдың 12-сі мен 27 қазан аралығына белгіленген, – деп мәлімет берді Маңғыстау ЖТ жол бөлімшесі директорының орынбасары Ерлан Бүркітов.