Түрксібтің 90 жылдығына орай онлайн-конференция өтеді

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Биылғы жылы аталып өтіп жатқан Түрксібтің 90 жылдығына орай ұлы құрылыс бастау алатын Семейде бірқатар шаралар қолға алынған болатын. Біраз жұмыс карантиндік шектеулер кезінде де қашықтан жүргізілді. Ұлттық компания басшылығының ұйытқы болуымен жыл соңына қарай ғасыр құрылысының танымдық, тағылымдық мәнін айшықтайтын тағы бірқатар іс-шаралар өткізілмек. 

Жуырда Семей ЖТ бөлімшесінің бас инженері Самат Төлеповтің төрағалығымен алдағы жұмыстарды пысықтау жөнінде жиын өтті. 

Самат Қашқымбекұлы алдағы уақытта ұлттық компания бастамасымен Түрксіб құрылысының 90 жылдығына орай онлайн-конференция өткізілетінін, аталмыш шараға даярлық жүргізу жөнінде ұлттық компанияның бас инженері Батыр Котыревтің нұсқауы бойынша арнайы хаттама әзірленгенін жеткізді.Бас инженер республикалық деңгейдегі айшықты шараға даярлық осы сәттен басталып кеткендігін жеткізді. Ардагер теміржолшылар жайында арнайы деректер жинастырып, тақырып аясында слайд әзірлеу, қысқасы, Түрксібтің түп отаны саналатын Семей ЖТ бөлімшесі тарапынан ұсынылатын жұмыстарды айқындау керек. 

– Жыл көлеміндегі атқарылған іс аз емес. Әсіресе, Түрксіб тарихынан сыр шертетін мұражайлар толықтай қайта жаңарды. Соның аясында ғасыр құрылысының төл туындысы саналатын, биыл 90 жыл болған Аягөздегі локомотив пайдалану депосының ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Мекеме ауласы абаттандырылып, тепловоздың макеті де жаңадан қойылды. Сонымен қатар, бөлімшеге қарасты байырғы Түрксіб магистралінің бойындағы барлық станцияларда арнайы мүйістер әзірленді. Онда Түрксіб тарихы, ардагерлердің өмірбаяндары фотосуреттерімен толықтай қамтылған, – деді Семей ЖТ бөлімшесінің бас инженері Самат Қашқымбекұлы.

Сонымен қатар мерейтойға байланысты атқарылып жатқан барлық шаралар, династиялық әулеттер жайындағы материалдар теміржолшылардың төл басылымында тұрақты түрде жарық көріп тұру керектігін де жеткізді. 

Бөлімшедегі кәсіподақ ұйымының төрағасы Алик Досанов та мерейтойға орай атқарылған ісшаралар жөнінде баяндап өтті. 

Қаладағы облыстық мұражайдан Түрксібтің 90 жылдығына орай арнайы экспозициялық көрме ашылғанын, теміржолшылар балаларының арасында сурет байқауы ұйымдастырылғанын жеткізді. 

«Түрксіб-Семей» мұражайының директоры, ардагер теміржолшы Мақсұт Көшжанов музей аясындағы атқарылған шаралар жайында есеп берді. 

Кеңес барысында мерейтойға әзірлік жайында тағы да бірқатар жүргізілуі тиіс іс-шаралар қатары талқыланды.