Бекет жолдары ұзартылады

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Аймақ теміржолшылары жылжымалы құрамдардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтауды арттыру үшін бір- неше кешенді жұмыстарды қолға алды. Солардың бірі – станциялық жолдардың қажетті көлемде ұзартылу жұмыстары. Осы уақытқа дейін аймақтағы бірнеше бекетте жолдарды ұзарту жұмысы жоспарлы жүргізіліп, нәтижесінде пойыздардың кідіріссіз өткізілуіне қолайлылық әкелді.

Станциялық жолдарды ұзарту жұмыстары қазіргі таңда Шиелі станциясында қарқын алып отыр. 

Өндірістік бекеттегі күнделікті жұмыстарға жолдың ұзартылуының кедергі болмауын ойластырған аймақ теміржолшылары дайындық жұмыстарын ертерек бастап кетті. Қызылорда магистральдық желі бөлімшесіне қарасты Қызылорда жол дистанциясының теміржолшылары бекеттің солтүстік алқымында күзгі комиссиялы тексеруде анықталған кемшіліктерді реттеу, бекет жолының ұзартылуына дайындық, бағыттамалық бұрманы ауыстыру жұмыстарын телім басшысы Нұрболат Сақтағановтың басшылығымен атқаруда.

Дәл қазір жолдардың ұзартылуына байланысты бағыттамалық бұрмаларды ауыстыру жұмыстары атқарылуда екен. Ауыстыру жұмыстарына қажетті құрал-сайман, техника жеткілікті және де Қазалы мен Сексеуіл жол дистанциясынан теміржолшылар көмекке келіп өз үлестерін қосуда екен.

– Қазіргі таңда аймақ теміржолшылары күзгі комиссиялық тексеруде анықталған кемшіліктерді дер кезінде орнына келтіру және қысқа дайындық жұмыстарымен қатар станциялық жолдардың ұзартылуына әзірлік жұмыстарын жасауда. Қазалы мен Сексеуіл жол дистанциясынан бес-бестен жолшы вахталық іссапармен келіп көмек жасауда. Олардың тынығуы, жатын жайы дистанциядағы модульде ұйымдастырылған, ас-суы уақытылы беріледі, эпидемиялық жағдайға байланысты қолданылатын санитарлық шаралар қатаң сақталуда. Жолдың ұзартылуына әзірлік жұмыстары барысында бағыттамалық бұрмаларды ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр.

Бұрмалардың координаттары (бұрма басы мен соңының қай жерге орналастырылуы) алдын ала есептелініп, содан кейін ауыстыру жұмыстары жасалады. Бүгін осындай есептен өткен солтүстік алқымдағы 82-бағыттамалық бұрманы ауыстыруды бітіреміз деп жатырмыз. Ал алдағы күндерде жолдарды ұзарту жұмыстары толық күшіне енеді, біз соған дейін барлық дайындық жұмыстарын жасап үлгеруіміз қажет, – деді Нұрболат Сақтағанов. 

Алқымдағы бұрма алмастыру жұмыстарына жол жөндеушілер Дәуренбек Бисекеев, Қалкөз Нұржан, Рашид Әлімбаев, Мотовоз машинисі Әділ Пәрімбетов, дәнекерлеуші Болат Нұрмағанбетов ерекше белсенділікпен атсалысуда. Олар бұрма рельстерін кесу, тегістеу, тесу жұмыстарына қолданылатын австриялық техниканы, дәнекерлеу аппаратын, көтеру крандары секілді қосалқы құрал-жабдықтарды тиімді қолданып, сауатты да кәсіби жұмыс үлгісін көрсетуде.