Ресей темір жолы тапсырыс берді

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

«Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» ЖШС мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ арасындағы рельсті сатып алу жөніндегі ұзақ мерзімді келісімшарт шеңберінде магистральдық темір жол желілерін жаңғырту жұмыстары 2020 жылға дейін 600 мың тоннадан астам өнім жеткізуді жоспарлап отыр.

Зауыт өнімдерінің Қазақстандағы ең ірі тұтынушысы, әрине, «Қазақстан темір жолы» компаниясы. Сонымен қатар, зауыт өнімдерін экспортқа шығаруда да жетістіктерін арттырып келеді. Зауытта өндірелетін теміржол өнімдерінің негізгі бөлігі посткеңестік елдерге жөнелтіледі. 

Жуырда тағы бір тапсырыс көрші Ресей елінен түскен. Бүгінде зауытта «Ресей темір жолдары» ААҚ қажеттіліктері үшін ДТ350 санатындағы Р65 типті рельс илегі басталды. Жыл соңына дейін 50 мың тонна өнім жеткізу жоспарланған. 

«Ресей темір жолдары» ААҚ – әлемдегі ең ірі үш теміржол компаниясының бірі. Оның темір жолдарының жалпы ұзындығы 85,6 мың шақырымды құрайды. 

Көрші мемлекетке жеткізілетін рельстердің көп бөлігінің ұзындығы 100 метр болады және Ресей Федерациясының теміржолдарын жөндеуден өткізуге қолданылмақ. 

Рельс илегі Ақтөбе рельсарқалық зауытының стратегиялық серіктесі болып табылатын Ресейлік ірі тау-кен металлургиялық холдингінің бірі – «Металлоинвест» құрамына кіретін «Оскол электр-металлургиялық комбинаты» АҚ өндірістік өнімінен жүзеге асырылады. 

Ақтөбе рельс-арқалық зауыты Кеден Одағының «Темір жол инфрақұрылымының қауіпсіздігі туралы» Техникалық регламенті талаптарына сәйкестігі туралы сертификатын алғаннан бері өнімін Өзбекстан, Тәжікстан, Беларусь, Грузия, Түркіменстан, Эстония, Иран елдеріне экспорттап отыр. Зауыт – Еуразиялық экономикалық одақ аумағында Р-65 стандартына сәйкес дифференциалды ыстыққа бейімделген 120 метрлік рельстер шығаратын жалғыз кәсіпорын. Зауыттың бұл өнімі техникалық сипаттамасымен және пайдалану тұрғысынан тиімділігімен ерекшеленеді. Дифференциалды ыстыққа бейімделген рельстер жоғары жылдамдықты магистральдарда қолданылатын кең жолақты жолдарды салуға лайықталған. Мұндай рельстер негізгі жолдың дәнекерленген бөліктерінің ұзақтығын арттырады. Сонымен қатар, пойыздың жылдамдығына, жолға жұмсалатын уақыт пен шығынның төмендеуіне айтарлықтай әсер етеді. 

Ішкі нарықта да жоғары сұранысқа ие. Зауыт өнімдері еліміздегі жаңа жол құрылыстарына пайдаланылып сынақтан өткен. 

Қазір де елдегі барлық теміржол жөндеу жұмыстарына осы отандық өнім пайдаланылады.