Теміржолшылар мүддесіне сай

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

«Қазкөліккәсіподақ» қоғамдық бірлестігі жұмыс беруші тарап «ҚТЖ» ҰК» АҚ-мен жасасқан Ұжымдық келісімшартта қарастырылған талапшарттардың орындалуын және еңбек заңнамасы нормаларының сақталуын бақылауда ұстап, Компания басшыларымен бірге көшпелі тексерістерге қатысып келеді.

Мәселен, соңғы бес жылда кәсіподақ өкілдері теміржол саласының 168 кәсіпорнын аралап, 3 мыңнан астам көлік саласы қызметкері қатысқан жиындар өткізген. Тексеру барысында анықталған кемшіліктер құрылымдық бөлімшелер басшылары қатысқан еңбек ұжымдарының жиындарында айтылып, ескертулер жойылып отырған. 

Кәсіподақ сала еңбеккерлерінің мүдделерін қорғауда теміржолшылар мүддесіне сай әрекет етіп келеді. Айталық, кәсіподақтың табандылық танытып, жүргізген жұмыстары нәтижесінде Сексеуіл станциясында жолшыларға арнап салынған жаңа үй тұрғындарының суға төлемақы жүргізу мәселесі «Теміржолсу» АҚ-мен келісімге келе отырып, оң шешімін тапқан. 

Яғни, су жеткізу бойынша қызмет көрсетуші ұйыммен тұрғындарға арналған тарифке қатысты қайта шарт жасасқан. Осылайша, бұрын кәсіпорынға арналған тариф бойынша 1 текше метр суға 580 теңге төлеп келген 16 теміржолшы отбасы үш жылдан бері қайта жасалған шарт негізінде 31 теңге төлеп келеді. Осыған ұқсас проблема Қостанай бөлімшесіне қарасты Арқалық-Шұбаркөл теміржол телімі бойында орналасқан станцияларда да оң шешімін тапқан. 

Ал былтыр қазан айының соңында кәсіподақ орталық кеңесінің өкілдері Шығыс Қазақстан аймағын аралаған кезінде Өскемен-1 станциясы қызметкерлерінің автобустың сынып қалуына байланысты жарты жылдан бері жұмыс орнына жетулері мұң болып жүргенін анықтаған. 

Ал арақашықтық аз емес, 8 шақырымнан 11 шақырымға дейінгі аралықты құрайды екен. 

Екі ай бойы кәсіподақ қаржысына қызметкерлерді жұмыс орнына және кері үйлеріне жеткізуге автобус жалданып, тасымалдау жұмыстары ұйымдастырылған. 

«Ұжымдық шарт теміржолшыларды әлеуметтік қорғау мәселесінде кепіл беруші, саладағы еңбек қатынастарын р е т т е у ш і , ұ ж ы м д а р д а ғ ы әлеуметтік көңіл-күй ахуалын тұрақтандырушы құжат болып табылады. Маңызды құжатты және еңбек заңнамаларының нормаларын негізге ала отырып, біз көлік қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауды жалғастыра беретін боламыз», – дейді кәсіподақ ұйымының өкілдері.