Шалқарлықтар мәселесін көтерді

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбе ЖТ бөлімшесінің басшысы Бөріхан Беркімбаев теміржолшылар кенті атанған Шалқар өңірінен депутаттыққа түсті. Өңірдің бас теміржолшысы іріктеуалды бағдарламасымен елдегі эпидахуалға байланысты әлеуметтік желі арқылы таныстырды. 

«Nur Otan» партиясы атынан көшбасшылыққа үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарын бастады. Билік партиясының белсенділер арасындағы насихат жұмыстары үшінші қазанға дейін жалғаспақ. Әр үміткер бағдарламалары арқылы өз өңірінің проблемаларын шешу жолдарын ұсынуда. Ақтөбедегі ең ірі аудандардың бірі Шалқар жұртының аманатын арқалаған Бөріхан Сматуллаұлы праймериз дебатында теміржолшылар мәселесін көтерді. Соның ішінде жұмысшылардың әлеуметтік жағдайына баса назар аударған. 

«Шалқардың әлеуметтік-экономикалық дамуына теміржол саласының салмағы орасан. Аудандағы бір теміржолшы екі отбасын асырап отыр. Ақтөбе теміржолының басшысы ретінде Шалқар ауданының, оның тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға үлес қосқым келеді. Соның ішінде, сапалы медицинаға қолжетімділікті қамтамасыз ету мен дәрі-дәрмектердің қымбаттауына тосқауыл қою, ана мен бала денсаулығына ерекше көңіл бөлу, салауатты өмір салтын орнықтыруға, бала болашағы үшін сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасауға атсалысу – басты мақсатым», – дейді Ақтөбе ЖТ бөлімшесінің басшысы Бөріхан Беркімбаев. 

Сонымен қатар, теміржолшы республикалық бюджетке депутаттық сауал жолдау арқылы табаны тартылған Шалқар көлін қалыпқа келтіруге үлес қосуды жоспарлайды. Ауыл ақсақалдарының институтын қалыптастырып, отбасылық құндылықтарды насихаттау да теміржолшы бағдарламасында бар. Жастар бастамаларына қолдау көрсетіп, кәсіпкерлікті дамытып, жұмыспен қамтамасыз етуге басымдылық таныту да назардан тыс қалмақ емес.