Маңғыстауда күзгі комиссиялық байқау басталды

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Өткен аптада Маңғыстау ЖТ бөлімшесінде де күзгі комиссиялық байқау басталды. «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетовтің 2020 жылғы 8 қыркүйектегі бұйрығымен магистральдық желіні қысқы уақытта үздіксіз жұмыс істеуге дайындау мақсатында тексеру биыл 10-30 қыркүйек аралығында жүргізілмек. 

Әдеттегідей комиссия құрамы мен тексеру кестесі бекітілген соң бөлімшенің бірінші басшылары бар құрам темір жол ғимараттары мен жасанды құрылыстардың жағдайын, магистральдық инфрақұрылымның өзге де желілерін, жер төсемдері мен жолдарды, өткелдерді тексеруге шықты. Сонымен қатар олардың назарынан өндірістік базалар мен өртке қарсы қауіпсіздік орындары, магистральдық желілер нысандарының габариттік нормаларға сәйкестігі де тыс қалмауда. Егжей-тегжейлі тексеру жүргізілетіндіктен тауарлық-материалдық құндылықтар мен қоймалардың да жағдайы жіті қаралады. 

– Сонымен қатар жылжымалы құрамдар инфрақұрылымын күтіп ұстау, вокзалдар мен өндірістіктехникалық нысандардың ағымдағы жағдайы да кестеге сай тексеріледі. Барлық мекемелердегі еңбек қорғау және қозғалыс қауіпсіздігі жағдайы, негізгі қорларды, техникалық құралдарды қолдану деңгейін және керек жабдықтармен, материалдармен, қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етілуін анықтау да осы байқау еншісіндегі шаруа, – дейді бөлімше директорының орынбасары Ерлан Бүркітов. 

Өндірістік жарақат алушылық пен жұмыс барысында сырқаттанудың алдын алу, еңбек тәртібінің жағдайын анықтап, бұрын нормадан ауытқыған олқылықтардың орнын толтыру да осы кезеңде қатаң бақылауға алынады. 

Шаруашылықтардың ТЭЕ, яғни техникалық эксплуатация ережелері талаптарын сақтауына мән беріледі. Байқауды дұрыс ұйымдастыру үшін ПЧ-11, ПЧ-12, ПЧ-13 мекемелері өз телімдерінде автодрезиналарды бөлуі керек. 

Маңғыстау теміржолында күзгі комиссиялық тексеру жүргізілетін барлығы 59 станция мен бекет бар. Пандемия жағдайында сақтық шараларын сақтау үшін күзгі байқауды өткізу кезінде созылмалы аурулары бар, жасы ұлғайған теміржолшылардың қатысуын шектеу талап етілді. Сонымен бірге санитарлық зарарсыздандыру шараларын қатаң сақтап, тексеруші құрам міндетті түрде бір реттік маска мен қолғап киіп, басқа да қорғаныш құралдарын қолданулары керек.