Машинажасау саласы жаңаша дамиды

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Қазақстан машина жасаушылар одағының сегізінші форумы кеше алғаш рет онлайн форматта ұйымдастырылды. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Қазақстан машина жасаушылар одағының ұйымдастыруымен өткен шарада басқа да салалармен қатар теміржол көлігіндегі машинажасау саласы да назардан тыс қалмады. 

Теміржол саласына арналған секцияны жүргізген «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Бас инженері Батыр Котырев биылғы жиынның онлайн форматта өтіп жатқанына қарамастан маңызды мәселелерді талқылауға арқау болып отырғанын жеткізді. Осы тұрғыда отандық тауар өндірушілерге үлкен қолдау көрсетіп, салааралық әріптестік және импорталмастыру ісіне жаңа тыныс қосып келе жатқан Машина жасаушылар одағына алғысын білдірді. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның бүгінгі таңдағы активтік жаңару жолында жасап жатқан ахуалымен, көптеген жаңашылдықтарымен бөлісті. 

Айта кету керек, машинақұрастыру саласында теміржол саласының жетістіктері өте көп. Елімізде ғана емес, ТМД көлемінде тұңғыш рет Локомотив құрастыру, Электровоз құрастыру және вагон шығаратын өндіріс орындары теміржол саласында құрылды. 

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін форумды ашу кезінде Қазақстанның тұтастай машина құрастыру кешеніне үлкен көңіл бөліп, тікелей назарында ұстап отырғанын айтқан болатын. Бұл біздің өзара әріптестік пен кәсіби ауызбірлігімізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Біздер бұрын да көптеген жиындарда кездесіп жүрміз. Соның соңғысы ақпан айында өткен көліктік тасымал саласындағы машина құрастыру форумы болатын. Онда біздер тек өнеркәсіптік-техникалық мәселелерді сөз етіп қана қоймай, кадр мәселесі, біліктілік мәселесі, өндірушілер мен жеткізіп берушілердің арақатынасы сынды мәселелерді де талқылаған болатынбыз. Бүгін соның жалғасы іспетті биылмен сегізінші рет өтіп отырған осы форумда тағы да жолығып отырмыз. 

Қазақстан машина жасаушылар одағы әрқашан да мемлекеттік органдар мен отандық өндірушілердің, тапсырыс берушілер мен жеткізіп берушілердің арасында дәнекер болып, үлкен жұмыстар атқаруда. 

Сол үшін үлкен рахметімді айтамын. Бүгін біз еменжарқын әңгімеде алда тұрған міндеттерді ақылдасып, проблемалардың шешімін іздеп, ұсыныстарымызбен бөлісіп, ортақ шешімдерге келетін боламыз деп сенемін», – деді Батыр Қуанышұлы. 

Онлайн форматта өткен жиында бас-аяғы қырық шақты компанияның өкілдері бас қосты. 

Олардың арасында теміржол өндірісіне қатысты жылжымалы құрамдар, қосалқы бөлшектер және тағы да басқа кәсіпорындардың, бірлескен кәсіпорындардың белді мүшелері болды. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған жиында сөз алған еліміздің машинақұрастыру саласының өкілдері машина жасау саласын дамыту перспективаларын, ағымдағы жағдайын сөз етті.