Күзгі комиссиялық байқау басталды

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Шығыстағы Семей ЖТ бөлімшесі бойынша қыркүйектің 14-нен бастап күзгі комиссиялық байқау басталды. Қазіргі күні барлық шаруашылық құрылымдары мен мекемелер қатаң тексеру шараларына даярлық жұмыстарын аяқтауда. 

Бөлімшеде күзгі сынға орай жүргізілетін жұмыстар бойынша арнайы бұйрықтар мен құжаттамалар рәсімделуде. Сондай-ақ, бөлімшенің өндірістік-техникалық бөлімінің мамандары арнайы кесте әзірледі. Оған сүйенсек, күзгі байқау бөлімшедегі ең ірі, тораптық Семей және ЖаңаСемей станцияларынан бастау алмақ. 

Ал осы айдың 18-нен бастап Дегелең станциясында жұмыстар жүргізілсе, одан кейінгі кезекте Аягөз және Локоть бағытындағы желі бойы толықтай сүзгіден өтетін болады. 

Айта кетерлігі, биылғы күзгі байқау ерекше қарбалас жағдайда өтетін болып тұр. Себебі, Жаңа-Семей жол дистанциясына қарасты аумақ бойынша күрделі жөндеу жұмыстары енді аяқталатын болса, қыркүйектің 18-нен бастап Аягөздегі ПЧ-42 мекемесі жүрізетін күрделі жөндеу шаралары басталмақ. Ауқымды іске дөп келетін бұл комиссиялық байқауға бөлімшедегі ревизорлық аппарат қызу даярлық үстінде. 

Дегенмен барлық мекемелер басшылары мен бас инженерлері әзірлікті жоғары деңгейге жеткізгендерін айтады. 

– Тамыз айының 26-шы жұлдызынан басталған кең көлемдегі ауқымды күрделі жөндеу жұмыстарын күзгі байқау басталғанша бітірдік. №3 жол айрығы мен Делбегетей станциясы аралығындағы жаңартылған желі бойы алғашқы кезекте тексеруден өткізілмек. Дегенмен қысқа даярлық шаралары аясында жоспарлы жұмыстарды аяқтап, күзгі комиссиялық байқауға толықтай даярлық жасадық, – дейді Жаңа-Семей жол дистанциясының техникалық бөлімінің басшысы Ғафур Рахымбаев. 

Сонымен қатар, күзгі байқау аясында қайта жаңартылған Жаңғызтөбе мен Семейдегі теміржол вокзалдары, бірқатар станциялардағы жаңадан салынған кірме жолдар да техникалық талапқа сай тексеруден өткізілмек.