Шалқар электрмен жабдықтау дистанциясы: қауіпсіздік - олардың ұстанымы

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

«ҚТЖ» ҰК» АҚ Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесі Шалқар электрмен жабдықтау дистанциясы 850 шақырым желі бойына қызмет көрсетеді. Дистанция Шалқар, Ембі, Қотыртас және Тассай желілерін сапалы электр энергиясымен қамтып отыр. Бес дизель-генераторымен жұмыс істеп отырған дистанция қарамағында бірнеше электр станциясы, еңбек алаңында 139 маман бар.

Экономиканың жаңғыруы мен дамуына жоғары технологиялық инфрақұрылымның әсері мол екені белгілі. Соның ішінде электр энергиясына тәуелділік артты. Оған Шалқар аумағында салынған бір ғана Тассай станциясының өзі мысал. Жүк тасымалы көлемін жыл санап арттырып келе жатқан станция тек электр энергиясымен тіршілігін жандандырып отыр. Осы тұста теміржол бойын электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған мамандар міндетін түсіну қиын емес. Титтей қателік өмірмен өлшенетін мекеме қызметкерлерінің дені – тәжірибелі мамандар.

Сондықтан ондағы әр қызметкер «қауіпсіздік – қаруым» деген ұранмен жұмыс істейді десек, қателеспейміз. Дистанцияны еңбек жолын Бершүгір станциясында электр монтері болып бастаған тәжірибелі теміржолшы, аймақта танымал еңбек әулетінің өкілі Сақыпжан Жұмақов басқарады.

Осыған дейін Маңғышлақ электрмен жабдықтау дистанциясында участок басшысы, кейін ұзақ жыл Алматы облысы Үштөбе электрмен жабдықтау дистанциясында басшының орынбасары болып қызмет еткен Сақыпжан Бекниязұлы бұл дистанциядағы жұмысын жыл басынан бастаған.

Қазір жұмысы жүйеленген дистанцияны абыроймен басқарып отыр. Таулы аймақтағы қиындықтарға қарамастан алыстағы бекеттерді де электр энергиясыз қалдырған емес.

«Біз қызмет көрсететін станциялардың көбі таулы аймақта орналасқандықтан қиындық көп. Қыста техника жүрмей қалатын кездер болады. Таулы жерде жұмыс көп. Аязды күндері үлкендігі 20 см болатын қырауларды қағамыз. Себебі, дер кезінде алмаса сымдарды үзеді. 

Мамандарымыздың бәрі мықты, тәжірибелі. Жұмысқа жауапкершілікпен қарайды, ұятқа қалдырған емес. Әр маман жаз мезгілінде тексерген желі көздерінің келесі көктемге дейін жұмыс жасауына жауап береді. Сондықтан немқұрайлыққа жол жоқ», – дейді Шалқар электрмен жабдықтау дистанциясының басшысы Сақыпжан Жұмақов. 

Дистанцияда Қандыағаш-Сексеуіл, Шалқар-Сағыр телімдерін электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған бес дизель бар. Оның екеуі жылжымалы. Ол 400 вольттан генератор арқылы күшейтіп 10 000 вольт беріледі. Сексеуілден Ембіге дейін тоқ беріледі. Шалқар, Ембі, Қотыртас және Тоғыз станцияларында дистанция кезекшілері бар. Жұрын, Жылан, Жем, Бершүгір, Қарашоқат, Тоғыз, Саленный және Қотыртас станциясы басындағы электр станциялары да осы дистанцияға қарайды. 

Мекеме гаражында УАЗ, КамАЗ, кран, жер қазатын техника, жүк машинасы сынды жаңа қажетке жарап тұрған техникалары баршылық. Дистанция электр энергиясымен тек теміржол мекемелерін ғана емес, ауылдағы әртүрлі әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді де жарықпен қамтамасыз етіп отыр. Желіде ақау болған кезде дизель іске қосылады. Бұл кезде абономенттерге қызмет көрсету уақытша тоқтатылып, теміржол мекемелері ғана қамтылады.