Түбікке келген түлектер

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің кадрлық құрамы жас мамандармен толығуда. Биылғы жаз маусымында бөлімшеге қарасты мекемелерге осы жылы оқуын тәмамдаған сегіз түлек жұмысқа келді. Сегізі де жоғары оқу орнын бітіріп, түбекке жолдамамен жіберілгендер. 

Жас кадрлар Өзен, Болашақ, Бейнеу станцияларына өз мамандықтарына сай жұмыстарға орналастырылуда. Бесеуі шілде айында Өзен станциясында машинист көмекшісі жұмысын бастап та кетті. Екеуі Болашақ станциясына БАЖ операторы және тауар кассирі, біреуі Бейнеу станциясында АСУ операторы жұмысына кіріспек. 

Бейнеу локомотив айналым депосының бастығы Амандық Аралбековтің айтуынша, бейнеулік теміржолшылар қатарына қабылданған машинист көмекшілерінің алғашқы аяқалысы жаман емес. 

Жұмысқа, үйренуге құлшынысы, теориялық білімі жақсы. Десе де, басшылық оларды қазірге тәжірибелі көмекші машинистер қасына бекіткен. Солай жүріп біраз тәжірибе жинақтап, ысылғасын өздері көмекші болады. Оған дейін, яғни 15 жолсапар бойы көмекші машинистпен бірге жүретін болады. 

− Жұмысқа қабылданып жатқан түлектердің әрқайсысы әр өңірден келген жастар. Бәрі де жолдамамен келіп отыр. Бұл жастардың біреулері жұмысын енді бастап жатса, біреулері жұмысқа кірісіп, біраз үйреніп те қалды. Өзен станциясына кеткен машинист көмекшілері Заман Әбілжан, Әділбек Жарылғапов, Нұрғали Әбішев, Бақшамұрат Омаров, Нұрдаулет Жолаев бесеуі бес облыстан. Яғни олардың төртеуі Ақтөбе, Петропавл, Қызылорда, Түркістан облыстарынан келсе, біреуі жергілікті жерден. Олардың барлығы да жұмысына кіріскен бір айдан соң қажетті сынақ тапсыратын болады. Сынақта еңбек қорғау саласы мен мамандардың өз бағыттарына сәйкес біліктілігі тексеріледі, – дейді бұл туралы Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің кадр бөлімі бастығы Екпін Қожахметов. 

Маңғыстау теміржолында еңбек жолын бастап жатқан сол жастардың арасында бір қыз бала да бар. Ұлмекен Мұханбетова өзі туып өскен Бейнеу ауданына жолдамамен жұмысқа келіп жатқанын мақтан тұтады екен. 

− Алматыдағы М.Тынышбаев атындағы академияны «Тасымалдауды, қозғалысты ұйымдастыру және көлікті пайдалану» бағыты бойынша бітіріп, туған жерге маман болып оралдым. Төрт жыл өз саламда жетік білім алуға тырыстым. Енді, міне, сол білімді тәжірибеде көрсетудің уақыты келді, мүмкіндігі туды. Өзім жастайымнан теміржолға қызыққасын мұның қиындығы болмас деп ойлаймын. Отбасымызда бірде-бір теміржолшы шықпаған, алғашқысы мен. Сондықтан мен өзімді еңбекте көрсетіп, аянбай тер төгуім керек. Осы біліміммен шектеліп қалмай, болашақта магистратурада оқуды жалғастырып, көлік саласының мықты маманы боламын деп мақсат еттім, – дейді жас маман.