Өзекті күйінде қалып отыр

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Қазақстанның темір жолдарында, өкінішке орай, қауіпсіздік мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Биылғы жылдың 8 айында пойыздардың адам қағуы бойынша 82 факті тіркелген, олардың жартысынан көбі адам өлімімен аяқталды. 

Кәмелетке толмағандардың жарақаттануы бойынша 5 факті тіркеліп, оның ішінде 3 факті адам өлімімен аяқталды. Оқыс оқиғалардың негізгі себептері – азаматтардың теміржолдарда белгіленбеген жерлермен өтіп, қауіпсіздік ережелерін бұзуымен байланысты болып отыр. Жылдың басынан бері белгіленбеген жерлерде темір жолды кесіп өткен 16 284 азамат анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осы уақыт аралығында пойыздарды шұғыл тежеудің 1616 фактісі тіркелсе, оның ішінде адамдарға қатыстысы – 430 дерек. 

ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, 30 тамыз күні Шығыс Қазақстан облысының Рулиха-Усть-Таловка аралығында пойыз машинисті 47 жастағы әйелді қағып кеткен. Ол оқиға орнында көз жұмды. Дәл осындай қайғылы жағдай 31 тамызда Қызылорда облысында да орын алды. Пойыз машинисі жас қызды қағып кетті. Қазір аталған фактілер бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. 

Оқыс тежеу беруге себеп болатын тағы бір жайт – жолға мал шығып кету фактілері. Биыл 1 қыркүйекте Түйемойнақ-Қызылжар станциясында жолға малы шығып кеткен тұрғынға айыппұл салынды. №107 «Жезқазған-Нұр-Сұлтан» бағытындағы жолаушылар пойызының машинисі оқыс тежеу жасағанымен ірі қара малды соғып өтті. Келесі күні мал иесі, Қызылжар станциясының тұрғынына теміржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, 6945 теңге көлемінде айыппұл салынды. 

Майқайын-Қарасор станциясының аралығындағы 6-шы пикетте «Преснегорьковск-Павлодар» қатынасындағы жолаушылар пойызының машинисі де теміржолда ірі қара малдың жүруіне байланысты шұғыл тежеу жасады. Апат болған жоқ. Тәртіп сақшылары малдың иесін анықтап, оған 5 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.