Жақсылық жасасаң - балаға жаса

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ҰК» АҚ – Жамбыл жол бөлімшесінің бастауыш кәсіподақ ұйымы қай кезде де науқандық жұмыстардан шет қалған емес. Білім күніне орай олар жалғызбасты теміржолшы аналардың балаларына оқу құралдарын табыс етті. 

Кәсіподақ төрағасы Серік Ақшораевтың сөзінше, ұйымның теміржолшыларға қамқорлығы үзілген емес. Карантин жағдайында да қолдан келгенше қолдау-көмек жасалды. Мәселен, халықаралық балаларды қорғау күніне орай да теміржолшылардың бүлдіршіндерін құр қалдырмай, сый-сияпат жасаса, Жеңістің 75 жылдық мерейтойымен саланың ардагерлерін құттықтап-ұлықтау әлі де жалғасып жатыр.

«Бөлімшеге қарасты мекемелердің де жоқ-жітігіне қол ұшын созып тұрамыз. Айталық, станциялардың терезелерін жаңа үлгідегі пластик материалымен ауыстырдық, жылу қазандықтарын жаңартуға көмектестік, теміржолшылардың демалыс бөлмелерін жөндеуге қол ұшын создық», – деген Серік Әбілдаұлы кәсіподақ көмегі алдағы уақытта да жалғаса беретінін айтты.

Кәсіподақ төрағасының орынбасары Серік Наурызбаев 110 балаға жаңа оқу құралдарын тарату барысында жеткіншектердің қуанышына куә болғанын жеткізді. «Олар жалғызбасты ананың қамқорлығында болғандықтан, тұрмыстарында бәрібір қиындықтар бар еді. Оның үстіне бүгінгі дағдарыс жағдайы көптеген толық отбасыларға да оңай тиіп жатқан жоқ. Сондықтан біздің титтей болса да көмегіміз маңызды болды. Мен балаларға сыйлық жасай барғанда, олардың қуанғанын көріп өзім қуандым. Жақсылық жасасаң, балаға жаса деген рас екен, оларды бір сәт қуантудың өзі не тұрады деп ойладым», – деді.

Жалғызбасты теміржолшы аналардың бірі, техникалық бөлімде тауар кассирі болып қызмет ететін Жанат Әлиева бастауыш кәсіподақ ұйымының бұл сауапты әрекетіне алғыс айтады. «Қиналған әріптестерімнің дені кәсіподақтан қамқорлық көретінін жасыра алмаймын. Мәселесін айтып барған жанның құрқол қайтқанын көрген емеспін. Міне, бұл жолы да жүзден астам жеткіншектің алғысына бөленді, кәсіподақ осылай қорған болса керек-ті», – деді теміржолшы ана ризашылығын жеткізіп.