Праймериз-2020: көшбасшы болуға лайық

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

«Мықты лидерлер – мықты партия» қағидаты бойынша іріктелген көшбасшыларды партия қатарына тарту мақсатында жарияланған праймеризге кандидаттарды тіркеу аяқталды. Үміткерлер қатарында маңғыстаулық теміржолшылардан Мұнайлы ауданы бойынша сегіз адам бар. 

Олардың арасында жас ерекшеліктері бойынша жас та, орта жастағы және аға буын да бар. Ең жасы – 30-31 жастағы жігіттер. Олар – 1990 жылы туған Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі қауіпсіздік бөлімінің бас маманы Қайрат Құлекенов пен Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің техникалық бөлімін басқаратын 1989 жылы туған Ернар Айдарханов. Олардан басқа Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Нәжімеден Ғұбашов, Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінің директоры Жарылқап Дүйсенбай праймериз кандидаттары тізімінде. Сонымен қатар бұл тізімнен «Маңғыстау теміржолы» БПҰ төрағасы, Қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің Маңғыстау аймағы бойынша бас ревизоры Болат Дүйсәлиевтің, Маңғыстау локомотив пайдалану депосының бастығы Сәндібай Күзенбаевтың, Маңғыстау электрмен жабдықтау дистанциясы директорының орынбасары Нұрболат Шалғабайдың, жүк тасымалы бөлімшесінің қауіпсіздік бөлімінен вагон шаруашылығының ревизоры Берік Имашовтың есімін көруге болады. 

Праймеризге тіркелу 17 тамыздан 28 тамызға дейін жалғасты. Енді қатысушылар 7 қыркүйекке дейін үгіт-насихат жұмыстарына дайындалады. 7 қыркүйектен 31-не дейін үгіт-насихатпен айналысады. 

Жұмысшылар, партияластарымен кездесіп, өзінің бағдарлама, жобасымен таныстырады. Теледебат өткізіп, БАҚ арқылы жариялайды.

Бұл жұмыстар аяқталғасын 1-3 қазан аралығында партияішілік кадр резервіне онлайн түрде іріктеу болады. Олар онлайн дауыс және сайлау учаскелерінде дауыс жинай алады. Ал дауыс беру 3 қазанда басталады. 

– Теміржолшылар көшбасшылыққа қашан да дайын. Себебі олар темірдей тәртіпте еңбек ете жүріп жұмысқа әбден шыңдалып, шираған мамандар, – дейді Нұр Отан партиясының Мұнайлы аудандық филиалы «Маңғыстау теміржолы» БПҰ төрағасы Болат Дүйсәлиев.