Ағымдық жөндеу жүріп жатыр

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

Жамбыл магистральдық желі бөлімшесінде жолшылар жұмысы қызып тұр. Луговой мен Қорағаты станцияларының арасын жалғап жатқан шойын жолдың бойында жүздеген адам техникалардың көмегімен үш шақырым жолды ағымдағы жөндеуден өткізуде.

Сары жейде кигендер тамыздың таңын ала нөсерлете құйған ақ жауынға қарамастан жол жұмыстарын тоқтатпады. Көз ұшына барып қосылардай болатын қос рельстің астындағы қиыршық тасын ауыстырып, тазартып, қара май сіңген ағаш шпалдарды жаңартып, фоссло қондырғыларымен бекітіп жатыр.

Жамбыл жол дистанциясы директорының міндетін атқарушы Марат Егембердиев жұмыстың жоспарға сай жүргізіліп жатқанын айтады. Оның айтуынша, австралиялық СМД-80 техникасының көмегімен ескі шпалдарды шығарып, жаңасын салу қиындық туғызбайды. Содан соң ДГС, Дуомат, ПБР техникаларының көмегімен шебін тасты жаймалап, нығыздап, артық топырақты сыртқа шығарып отырады.

– Күні кеше ғана Луговой мен Қора ғаты станцияларының арасындағы 4 шақырым жұп жолды жаңартып біткен болатынбыз. Енді жоспарға сай, үш шақырымға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге кірістік. Мұнда қажетті материалдардың дені отандық өнімдер екенін де айта кеткенім жөн шығар. Мәселен, шебін тас-тар өзіміздің Құмшағалдағы зауыттан өндіріліп, жеткізіледі, – дейді дистанция директорының міндетін атқарушы.

Жамбыл, Шу жол дистанцияларының жолшыларынан жасақталған құрам бұған дейін «Магнетик» мердігер компаниясының қызметкерлерімен бірге Малдыбай мен Ақыртөбе станцияларының арасындағы 5 шақырым жолды, Ақыртөбе мен Ақшолақ станцияларының арасындағы 7 шақырым жолды жаңғыртқан болатын. Мұнда да олар темір-бетон шпалдарды бекітуге фоссло бекітпелерін пайдаланған.

– Фоссло бекітпелері сапаға толық кепіл бола алатынын осы жылдар ішінде дәлелдеген. Тәтті-Қорағаты арасындағы 6,5 шақырым тақ жолды да барлық талаптарға сәйкес, ағымдағы жөндеуден өткізіп, мұнда да Фоссло бекітпесін қолдандық, – деді Марат Саттарұлы.