Вагон қараушысы. Атына заты сай жігіт

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қазалы вагон пайдалану депосының вагон қараушысы Айбосын Сүндетовтің басқа теміржолшылардан артықшылығы – оның екі мәрте «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» төсбелгісімен марапатталуы. Оңай адам қозғалыс қауіпсіздігі көздің қарашығындай сақталатын теміржолда екі рет мұндай марапатқа ие бола ма?!

Оның себебі, кейіпкеріміздің тағы бір атағы, расын айтқанда, лақап атына байланысты анықталады. Өз ортасында ол «Ақаудың ата жауы Айбосын» аталған екен. Міне, мәселе қайда жатыр! Депода вагон қараушыжөндеуші болып жұмыс жасайтын 30 жылдық тәжірибесінде екі рет «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» төсбелгісімен марапатталуының сыры сол – Айбосынның қырағы жанарынан мүлт кеткен ақау болмайды екен. Сонау 1995 жылы №6 жолаушылар пойызының вагонынан аса қауіпті ақауды анықтап тауып, құрамды апаттан аман алып қалған еңбегі үшін «Теміржол қауіпсіздігі қоры (ФЖБ) жүлдесінің лауреаты» құрметті атағын иеленген. Ал 2002 жылы «ҚТЖ» ҰК» ЖАҚ президентінің «Құрмет грамотасын» алған.

– Айбосын Сүндетов депоға 1991 жылы жылжымалы құрамдарды жөндеу слесарі болып жұмысқа орналасып, 1999 жылдан бастап вагон қараушы-жөндеуші болып жемісті еңбек жасап келеді. Осы жылдар аралығында ол үш мәрте вагондардан қауіпті ақау тауып, пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылуының алдын алды. Айбосын өз тәжірибесінде вагондардың бүйір рамасынан, Р-55 радиусынан, А-В аймағынан және салқын күйіндегі роликті букстен, тіпті бір ретте ол КВЗ-И2 типіндегі жұп арбашаның тұйық және қосымша көлденең біліктің екі жерінен 4060 милиметрлік және 170-90 мм көлемінде жарықшақ анықтады. Вагондардың ақаулы екендігі дәлелденді. Соған сай лайықты марапатын алып, құрметке бөленді. Өте салмақты да салиқалы, өз ісіне адал, міндетін кәсіби жауапкершілікпен атқаратын Айбосын – біздің мақтанышымыз, қысқасы, Айбосынның атағы атына сай, – деді қос бірдей марапат иесі Айбосын жайлы депо бастығы Арғын Орымбаев.

Айбосын Жұмахметұлы 5-разрядты вагон қараушыжөндеуші. Ол Қызылорда облысының Әйтеке би кентінде 1967 жылы дүниеге келіп, мектептен соң құрылыс саласында бірнеше жыл тер төгіп, бала кезден арман еткен теміржолға оралыпты. №15 кәсіптік мектептен «вагон қараушы» кәсібін игеріп, теміржолшы болады.

– Алғаш еңбек жолымды құрылыс саласында бастасам да кейін теміржолға келгенімде арманыма қол жеткізгендей күйде болдым. Соңғы жылдары вагондардың ақауын дәл тауып ажырататын қасиет астарында да сол мамандыққа деген махаббат жатқан болар, – дейді қырағы теміржолшывагон қараушы Айбосын Сүндетов.

Қазіргі таңда үш баланың әкесі Айбосынның ізін жалғастырып келе жатқан баласы Руслан «Тұлпар-тальго» пойызының жолсерігі болса, екі қызы медицина саласында. Жұбайы Гүлшат – үй шаруасын ұршықтай иіріп, жолдасының жұмысты еш уайымсыз атқарып, кәсіби теміржолшы болып танылуына үлес қосып жүрген ұлағатты ана, сүйікті жар.

Жалпы, Арғын Орымбаев басқаратын аймақтағы жалғыз Қазалы вагон пайдалану депосының арқалаған жүгі өте салмақты. Оған мысал, биылдың өзінде депо бойынша 16 ақаулы вагон құрамнан ажыратылып, қауіптің алды алынып, пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігіне кедергі болатын апаттың жойылуы дер едік. Бұл кілең майталман вагоншылар еңбек ететін депо ұжымының ерлікке пара-пар ерен еңбегі емей, не?!