Ақжайық станциясының тынысы тарылған жоқ

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Өкінішке орай, мұнайлы астана Атырау қаласы, тұтас өңір үшін бүгінгі күн оңайға соғып тұрған жоқ. Коронавирус пен пневмония індетінің кең таралуына орай өңірде қауіпті вируспен күрес тоқтаусыз жүріп жатыр.

Дегенмен, атыраулықтар індетпен күресе жүріп, жұмыстарын да тоқтатпауға тырысуда. Мысалы, Атырау қаласына келетін барлық жүк түрлерінің 60 пайызын қамтитын Ақжайық станциясы жүк тасымалы жоспарын жыл басынан бері ойдағыдай еңсеріп, толық қуатымен жұмыс істеуде. 7 қабылдап-жөнелту, 3 тұрақтау жолы бар станцияда күніне 2-3 пойыз, 150-180 вагон қабылдап-жөнелтіледі.

Станция бастығы Есенжан Темірғалиевтің айтуынша, ағымдағы жылдың өткен жарты жылында орташа тәуліктік жүк тиеу көлемі жоспарда 113 вагон болса, нақты 160 вагон тиеліп, барлығы 140,8 пайызды құраған. Тоннамен есептегенде станция арқылы 217 тонна орнына 249 тонна жүк тиеліп, жоспар 114,75 пайызды құрады. Ал, жүк түсіру тәулігіне 59,1 вагон болып, 113 пайызға жетті. Бір жүк операциясына тұру 35,8 сағатты құрап, ол жоспарға шаққанда 101,1 пайыз болды. 

Статистикалық салмақ 106,0 пайызға орындалды. Жергілікті вагонның тұруы да 113,9 пайызды құрап, жоғары көрсеткішті көрсетті.

Өңірде коронавирус індетін жұқтыру көбейіп, жағдай қиындағанына қарамастан станция ұжымы барынша сақтық шараларын қолға алып, өздеріне берілген жоспар межесінен көрініп келеді.

Басқа станциялар сияқты мұнда тек мұнаймен ғана жұмыс жасамайды, цистерналарға бензин, мазут, реактивті отын құйылады, еліміздегі ауыл шаруашылығы мекемелеріне тапсырыс бойынша дизель отыны жіберіледі.

– Станция тынысы тарылған жоқ, қалыпты жұмыс жасауда, алайда, карантин режиміне байланысты кейбір инженерлік құрам мамандары, мысалы, аға тауар кассирі, аға жүк қабылдапжөнелтуші, еңбек қорғау инженері сияқты мамандар әлі де онлайн режимде жұмыс жасауына тура келіп тұр. Станция басшылығы, станция бойынша кезекшілер, вагон қараушы, басқа да мамандар ауысыммен жұмыс жасауда, – дейді станция бастығы.