Ұстазды құрметті демалысқа шығарып салды

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Түбек теміржолшылары Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің кезекшісі Ерік Халиковты зор қошеметпен құрметті демалысқа шығарып салды. Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі Атыраудан бөлініп, өз алдына дербес шаңырақ тіккелі жас бөлімшенің іргесін бекемдеуге атсалысып келе жатқан теміржолшы – өз саласының кәсіби маманы.

Ардагер теміржолшыға маңғыстаулық әріптестерінен бөлек компания басшылығы да арнайы құрмет көрсетті. Оны «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ операциялық қызметтер бойынша атқарушы директоры Күмісбек Мәтжановтың өзі селекторлық жиында құттықтап, ұзақ жылғы еңбегіне алғыс білдірді.

Бұл әрине маңғыстаулық теміржолшылардың мерейін арттырып, өңір теміржолындағы кадрлардың мәртебесін өсірді.

Ерік Халиковты зейнетке шығарып салу басқосуына карантин тәртібіне сай көп адам қатыспады. Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі директорының бірінші орынбасары Ерлан Бүркітов, бөлімшенің кадр, логистика бөлімдері басшылары мен өзі жұмыс істеген жедел басқару бөлімінен бір-екі әріптесі болды.

Олар өздерінің ақжарма тілегін білдіріп, тәжірибелі маманның өнегесін сөз етіп, өңір теміржолының дамуына қосқан үлесі үшін алғыстарын білдірді. Мерейтой иесіне бөлімше басшылығы мен кәсіподағының атынан Алғыс хат пен естелік сыйлық табысталып, шапан жабылды.

− Ерік Зейнұрұлы кезінде Атырау бөлімшесі директорының бірінші орынбасары болған. Еңбек жолын пойыз құрастырушысының көмекшісінен бастап теміржолдың барлық сатысынан өтіп, басшылық деңгейге дейін көтерілген. Оны білікті маман ретінде 2007 жылы Маңғыстау бөлімшесі ашылғанда бөлімше директоры осында жұмысқа шақыртады. Сол кезден бастап ол өз білімі мен тәжірибесін түбек теміржолының игілігіне жұмсады, – дейді ардагер теміржолшы туралы бөлімше директорының бірінші орынбасары Ерлан Бүркітов.

Еңбек жолын 1979 жылы өзі туып өскен өңірдің Ақжайық станциясында пойыз құрастырушысының көмекшісі болып бастаған тарлан теміржолшы соңғы 13 жыл түбек темір жолын түлетуге атсалысып қана қоймай, ондаған шәкірт тәрбиелеген. Бүгін солардың бәрі ұстаздарына деген құрмет пен алғыстарын жеткізді.