Болашақ станциясында сақтық шаралары нәтижелі

Сонау ел шетінде, көршілес жатқан Түркіменстанмен шекаралық түйіс нүктесі болып табылатын Болашақ станциясында тасымалды ұйымдастыру жұмыстары кезіндегі сақтық шаралары өз нәтижесін беріп отыр. Барлық жұмыс карантин кезіндегідей күшейтілген тәртіпте жүргізілуде.

Соның арқасында шекаралық бекетте індет ошағы жоқ, теміржолшылар өз жұмыстарын кестеге сай атқаруда. Биылғы жылдың 5 айында станцияда 172 пойыз, яғни 7996 вагон жүк қабылданған.

Көрші елге жөнелтілген пойыздар саны да сол шаманы құрайды. Ал былтыр сәйкес кезең аралығында мұнда 157 пойыз қабылданған болатын.

Сондықтан өткен жылға қарағанда 15 пойызға өсім бар. Болашақ станциясының бас инженері Ғайни Қуанышовтың айтуынша, көрші елден келетін локомотивтермен жұмыс істегенде теміржол шылар арнайы қорғаныш киімдерін киіп, аса сақтықпен қимылдайды, құжаттарды бірнеше метр қашықтан ғана қабылдап алады.

– Ол жақтан әу баста келісілгендей, тек машинист пен көмекшісі ғана келеді. Олардың өзі сол тепловоздан түспейді. Тепловоз терезесінен біздің қызметкерлер құжаттарын алады. Ал Түркіменстан мен Иран арасындағы жол күні кеше ашылып, түркімендерден Иранға қарай бір пойыз кеткен, – дейді бас инженер.

Қазақстан тарапынан аталған станция арқылы іргелес елге негізінен автокөлікке арналған доңғалақ шиналары, дезинфекциялық құрал-жабдықтар, металдар, битум, макарон өнімдері, құрылыс материалдары, картоп, маргарин, күнбағыс майы, ауылшаруашылық техникалары, трактор, ұн, қант өнімдері, жанаржағармай жөнелтіледі екен.

Ал сырттан келетін жүктердің қатарында – төсек-орын жабдықтары, тігін бұйымдары, йод, кальций карбонаты, мотор майлары және жеміс-жидектер мен көкөністер, оның ішінде қияр, кептірілген жүзім, т.б. бар. Қазіргі таңда станцияда штат бойынша 65 адам еңбек етеді.

Оның бесеуі – станция кезекшісі, төртеуі – пойыз құрастырушы болса, тағы төртеуі – құрастырушылардың көмекшілері.