Жаяу жүргіншілерге арналған өткел салынды

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Теміржолдағы ең өзекті мәселенің бірі – жаяу жүргіншілер мен автокөліктерге арналған өткел. Ірілі-ұсақты станциялар мен бекеттерде халық теміржолдан аспалы көпірлер немесе арнайы өткелдер арқылы өтеді. Бірақ, әлі күнге бұл мәселе шешілмей, көпір де, өткел де жоқ елді мекендер баршылық. Автокөліктерге арналған өткелдер мәселесі де өзекті. 

Атыраудың Мақат ауданы, Доссор кентінде де өткел мәселесі талай жылдан бері шешілмей келді.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек қаңтар айында өңірге келген жұмыс сапарында Доссор тұрғындары осы мәселені тағы көтерген еді.

Ол мәселені шешу жолдары қарастырылатынын айтқан. Екі мыңнан астам халқы бар «Ынтымақ» және «Бірлік» елді мекендерін Доссор кенті орталығымен темір жол бөліп тұр.

Ауыл тұрғындары емхана, балабақша, мектепке немесе әкімдікке бару үшін темір жол астынан салынған құбырдан өтетін-ді.

Екі ортаға қатынайтын автомобиль жолы бар, бірақ ауылдан алыс. Ал күніне ондаған пойыз жүйткіп өтіп жатқан теміржолдан арнайы өткелсіз өту өте қауіпті екені айтпаса да белгілі. Сондықтан құбырмен өту азапты болса да, халық үшін басқа амал жоқ еді.

Айналасы ми батпақ, тайғанақтай жүріп құбырдың келесі бетіне шығу, әсіресе, жасы ұлғайған жандар үшін оңай емес.

Сондықтан жергілікті халық жаяу жүргіншілерге шойын жолдан өтетін өткел салу жөнінде қанша жылдан айтып келген болатын. Міне, жуырда мұнайлы өлкедегі күрмеулі мәселе шешіліп, жаяу жүргіншілер өткелі салынды. Енді кенттің «Бірлік» және «Ынтымақ» ықшам ауданы тұрғындарын жылдар бойы мазалап келген мәселенің шешімі табылып, бұдан былай кент орталығына тұрғындар теміржолдан қауіпсіз жол арқылы қатынайтын болды.

– Тұрғындар қауіпсіздігін сақтау мақсатында Атырау магистральдық желі бөлімшесі мекемелерінің күшімен автожолға қапталдас темір жол арқылы жаяу жүргіншілер өткелі салынды. Негізінен көп жұмысты Атырау жол дистанциясы атқарды. Атырау және Мақат қалпына келтіру пойыздары жол төсемін салса, ШЧ-9 сигнализация және байланыс дистанциясы бағдаршам орнату жұмысын жүргізді. Енді тұрғындардың темір жол арқылы өтуіне тосқауыл жоқ, – дейді Атырау магистральдық желі бөлімшесінің бас инженері Сағын Сейілханов.

Темір жолды қиып өтетін бетоннан құйылған жаяу жүргінші өткелінің жалпы ұзындығы 10 метр болса, ені – 1 метр 93 сантиметр.

Өткелге бағдаршам мен пойыздың жақындағанын білдіретін дыбыстық белгі орнатылған, арнаулы жолақ, «Тоқта», басқа да қауіпсіздік белгілері қойылып, айналасы жарықтандырылған.

Автокөлік пен жаяу жүргіншілер өткелі бір метр жарым арақашықтықта орналасқан.

Жол жабылып, автокөліктер пойыздың өтуіне тоқтағанда, жаяу жүргіншілер де бағдаршамға тоқтауға міндетті. Өткелдің салынуына, әсіресе, ата-аналар ерекше қуануда.

Балаларын мектепке жіберіп, «теміржолдан аман өтіп келсе екен» деп үйінде тақымын қысып отыратын олардың көңілі жайланғаны анық.

Енді осы теміржол өткелінен бастап «Береке», «Ынтымақ» шағын ауылдарына қарай автокөлік және жаяу жүргіншілер жолдары салынып, тіпті көшелерге жарық тарту жоспары бар екен. Иә, аманшылық болса ол да сәті түскенде жүзеге асырылар.

Ал бүгін Қазақстандағы бір елді мекенде өткел мәселесі оң шешіліп, қауіпсіздік мәселесі бір сатыға болса да көтерілгені – құптарлық жайт.