49 рет оқыс тежеу орын алған

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Соңғы кездері теміржол бойында иесіз жайылатын төрт түліктің кесірінен Маңғыстау-Шетпе, Қарақия-Өзен, Өзен-Болашақ станциялары аралығында пойыздардың шұғыл тежегішті қолдануы жиі орын алуда. 

Оның бірден-бір себебі, әрине, мал иелерінің теміржол қауіпсіздігіне мән бермейтіндігінде. Бағусыз жүрген малдың пойыз қатынасына тигізер зияны көп. Біріншіден, қалыптасқан жол жүру тәртібі бұзылады.

Екіншіден, тепловоздарға зақым келеді. Ал, оқыс оқиға орын алған жағдайда, белгілері мен сырғалары жоқ, ірі қара малдарды ешкім «менікі» деп мойындамайды.

Өйткені, жауапкершілік жүгін көтеруден бәрі қашқақтайды. Үшіншіден, жүгенсіз кеткен малды басып кетпеу үшін локомотивтердің тежегіштері оқыс жағдайда басылатындықтан, тез істен шығады.

− Баршамызға мектеп жасынан белгілі «инерция», яғни «қозғаушы күш екпіні» деген бар. Соның әсерімен жүйткіп келе жатқан пойыз уақытында тоқтай алмайды.

Оны халық түсінбей, малды баспай тоқтаса қайтеді деп машинистерді де кінәлайтындар табылады.

Сондықтан бұл проблеманы шешудің жалғыз ғана жолы бар. Ол үшін тұрғындар, соның ішінде жеке мал иелері қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезініп, төрт түлікті қараусыз қалдырмауы тиіс. Айналып келгенде бәрі өз қорамыздағы малға немқұрайлы қарамауға, жайылымға емін-еркін жібермеуге тіреледі. Олай болмаса, малдан да айрылып, теміржол мүлкіне зақым келтіріп, қозғалысқа қауіп төндіреміз. Басылған мал үшін мемлекет те, теміржол мекемелері де өтемақы төлемейді. Керісінше, малдың иесі анықталған жағдайда ол тиісті жауапкершілікке тартылады. Теміржолға келген шығынды өтейді, – дейді бұл жөнінде Маңғыстау жол дистанциясының жетекші инженері Ержан Артықбаев.

Маңғыстау жол дистанциясы бүгінде №9 бекеттен Болашақ станциясына дейін созылған 500 шақырымнан аса жолдың күтіміне жауапты. Осы аралықта жолаушылар мен жүк пойыздарының қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Биылғы жылдың бес айында төрт түлік иелерінің жауапсыздығы салдарынан осы аралықта 49 оқыс тежеу тіркеліп, 2,45 тонна жанармай босқа шығын болған. Мұндай жайттардың алдын алу мақсатында 581 адамға түсінік жұмыстары жүргізілген. Малға қарсы қоршаулар жөнделіп, жергілікті әкімдіктерден Шетпе, Жармыш, Жыңғылды, Онды, Отпан, Баянды, Қызылтөбе, Дәулет, Теңге, Құланды ауылдарының басшылықтарына хат жолданған.