Күзет мықты болса қауіп жоқ

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Әскерилендірілген теміржол күзеті» АҚ Шымкент қаласындағы филиалының Қызылорда станциясындағы атқыштар командасы соңғы бірнеше жылдан бері жүк вагондарында жүктердің қолды болу оқиғасына жол бермеген.

Қызылорда бөлімшесінің жалпы аймағы бойынша биылғы жылдың 5 айында 335240 вагоны бар 11552 пойыз күзетпен қамтамасыз етілген. Күзетшілер командасының бастығы Мұхтар Кенжеғұлов аймақтағы Шиелі, Қызылорда, Қармақшы, Қазалы және Сексеуіл станцияларында орналасқан атқыштар командалары бөлімшеден өткізілетін жүктің тұтастығына толық қамтамасыз етіп отырғанын жеткізді.

– Тасымалданатын жүкті қабылдап алғаннан кейін оны алушыға немесе жеткізілу нүктесіне дейін ұрлық-қарлық, жоғалу секілді тосын жағдайға ұшыратпай, толық әрі сол күйінде жеткізіп беруді міндетіне алған команда күзетшілері жауапкершіліктерін толық сезінеді. Сонымен қатар, команда күзетшілерінің ішкі тәртібін нығайтуға жүйелі жұмыстар, білім жетілдіру шаралары да тұрақты жүргізіледі. Нәтижесінде ұжымның ішкі, сыртқы тәртібі бір ізге келтіріліп, кәсіби міндетін адал атқаратын біздің команда тарапынан жыл басынан бергі уақытта және соңғы екі-үш жылдың көлемінде заңсыздық, құқық бұзушылық фактілері тіркелген жоқ, – деді «Әскерилендірілген теміржол күзеті» АҚ Шымкент қаласындағы филиалының Қызылорда станциясындағы атқыштар командасының бастығы Мұхтар Кенжеғұлов.

Бөлімше бекеттеріне оңтүстіктен Шиелі, солтүстіктен Сексеуіл және Қоскөл станцияларында олар құрамды көршілес күзет командаларының күзет сарбаздарына аманаттайды. Команданың ішкі тәртібін бекемдеу, күзетшілердің кәсіби жауапкершілігін арттыру мақсатында тұрақты жұмыс жүргізетін ұжым сарбаздары, сондай-ақ, бөлімшенің жол дистанциясы, желілік полиция, станция теміржолшыларымен бірге, кейде өздері рейд өткізіп, тұрғындарға теміржолдың аса қауіпті аймақ екендігін түсіндіру жұмыстарын да атқаруда. Мәселен, қазіргі карантин режимі жарияланған кезеңде бұл жұмыс өзекті бола түсуде.

– Жалпы теміржол бойымен заңсыз жүріп, жылжымалы құрамдардың қозғалысына кедергі келтіретіндер әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны бәрімізге аян. Ал теміржол көлігімен тасымалданатын жүкке қатысты құқықбұзушылықтың орын алуы қылмыстық істің ашылып, заң алдында жауап беруге мәжбүрлейді. Сондықтан өздеріне сеніп тапсырылған өзгенің мүлкі үшін жауапкершілік бәрінен жоғары. «Күзет мықты болса, жүк те қолды болмайды» деген ұранмен жұмыс істейміз, – дейді қызылордалық күзетшілер бастығы Мұхтар Кенжеғұлов.