Династия әулет абыройы – еңбекте

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Қарағандының Ағадыр станциясында тұратын Шәкеновтер әулетінің қазақ теміржолына сіңірген еңбегі 300 жылды құрайды. Ата кәсібін ұрпақтан ұрпаққа жалғастырған әулетте түрлі кезеңде еңбек еткен және жалғастырып жатқан 17 теміржолшы бар. Уақыт өте бұл көрсеткіш өсуі де ғажап емес. Себебі нәсібін болат жолдан табу – бұл әулетте үрдіске айналған.

Болат жолға бар өмірін арнаған отбасының теміржолдағы еңбек жолы әулет басы марқұм Ібекен Шәкеновтен бастау алады. Ұлы Отан соғысы кезінде тылда еңбек еткен ол кейін 30 жыл Ағадыр жол дистанциясында жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан.

Бұл соғыста жеңіс оңайлықпен келмегені белгілі. Қаруы мықты қас дұшпанды жеңу үшін майдандағы ұрыс даласына тылдан керекжарақтар дер кезінде жеткізіліп тұрды. Осы тұста темір жол көлігі тыл мен майдан арасындағы сенімді байланысты қамтамасыз етіп, экономиканы көтерген жалғыз сала болды. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап барлық темір жолдар мен көлік кәсіпорындарында социалистік жарыстар кеңінен жолға қойылды.

Теміржолшылар осы тұста бейбіт күнде қабылданған социалистік міндеттерді қайта қарастырып, жаңа шешімдер орнатуға мәжбүр болды.

Сол жұмыстардан Ібікен қария да тыс қалмады. Одан кейінгі буыннан Ордаш Ібекенұлы Шәкенов теміржолда 45 жыл еңбек етті.

Ағадыр станциясының белгі беру және байланыс дистанциясында механик қызметінен бастаған ол өз ісінің маманы болды. Ібекен ақсақалдың екінші ұлы Борантай Шәкенов те 45 жылын темір жол саласына арнап, Ағадырда ШЧ-да СЦБ монтері, диспетчер қызметтерін атқарды. Оның інісі Бейбіт 30 жыл бойы Ағадыр жол дистанциясында жолшы болды.

Жанболат Шәкенов болса 48 жылдық еңбек өтілінде жол дистанциясында жолшыдан бастап бас инженер және директор қызметтеріне дейін көтерілген. Ал Ібекен қарттың 4 қызының бірі Гүлнар 25 жылдан бері Құлайғыр станциясында ОПД операторы қызметін атқарып келеді.

– Біз бір отбасында 9 ағайындымыз. 5 ұл, 4 қыз. Соның бесеуі теміржолшы мамандығын таңдады. Мен отбасында бесіншімін. Мектеп бітіріп, Ағадыр жол дистанциясына жолшы болып кірдім. Осы дистанцияда қарапайым жұмысшыдан мекеме директорына дейін көтерілдім. 2011 жылы зейнеткерлікке шығып, тағы 3 жыл еңбек еттім. Қазір Қарағандыда тұрамын. Үш балам бар, соның екеуі теміржолшы. Осындай үлкен әулеттің ізін жалғап, ұрпақтарға жалғасқанын, болат жолдағы Шәкеновтер династиясын қалыптастыруға атсалысқанымды мақтан етемін. Бұл із біздің кейінгі ұрпақтарымызға да жалғасып, тамырын терең жаярына сенемін. Теміржолшылық қанында бар балалар оны іліп әкетері айдан анық, – дейді Жанболат Шәкенов.

Міне, осылайша темір жол саласынан береке тапқан әулеттің бүгінде үшінші буын өкілдері ішінде 12 теміржолшы ата жолын жалғастыруда. Болат жолдағы Шәкеновтердің немере буынының көшін Азамат Ордашұлы бастайды. Механик болып еңбек жолын бастаған ол 20 жылдан бері Ағадыр станциясында диспетчер.

Асқар Бейбітұлы да жасанды құрылыстар салалсында 20 жыл тер төгуде.

Ордаш Шәкеновтің екінші ұлы Орынбасар 15 жылдан бері ШЧ механигі. Оның інісі Айдос та 13 жыл бойына ШЧ механигі, телім бастығы қызметтерін атқарған. Немере қыздан Торғын Жанболатқызы Жаңа Қарағанды станциясының бірінші санаттағы инженер-технологы, оған дейін станция кезекшісі болып 10 жыл еңбек еткен. Бейбіт Шәкеновтің ұлы Жеңіс 2013 жылдан бері туған станциясындағы электрмен жабдықтау станциясында электр механик қызметінде.

Перизат Жанболатқызы жеті жылдан бері «Қала маңы тасымалы» АҚ Ақмола телімі бойынша инженер, ал қазіргі таңда «Жолаушылар тасымалы» АҚ кадрлық жұмыстарды ұйымдастыру жөніндегі басқарманың кадр бөлімінің бас маманы қызметін атқаруда. Жиен немерелердің бірі Гүлзат 2008 жылдан Қырқыншы станциясындағы жол дистанциясы – ПЧ-25 мекемесінде инженер қызметінен бастап, Ағадырда экономист қызметін жалғастырыпты. 5 жылдан бері Магистральдық желі дирекциясының қаржы және инвестициялық жоспарлау департаментінде жұмыс істеп келеді.

Сонымен қатар Шакенова Айгүл Бейбітқызы мен Шакенова Гүлшат Ордашқызы да 10 жылдан астам теміржолда еңбек етеді. Ең кіші буыннан Алтынбек Азаматұлы Ағадыр локомотив депосында машинист көмекшісі болып 2 жылдан бері жұмыс істесе, Мәдина Асқарқызы Қарағанды локомотив теміржолының локомтви салалсында 3 жылдан бері жұмыс істейді.

Өз кәсібінің үздіктері ретінде танылған бұл әулеттің мүшелері әр жылдары «Еңбек ардагері», «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін», «Адал еңбегі үшін» төсбелгілерімен, Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарға ие болған.

2015 жылы атақты теміржолшылар отбасы сол кезде «ҚТЖ» ҰК» АҚ Президенті болған Асқар Маминнің Алғыс хатымен марапатталды.

Шәкеновтердің қай буын өкілі болсын қашан да асқан еңбекқорлықпен тек теміржол саласына ғана емес, сонымен қатар жергілікті өңірдің әлеуметтік дамуына да өз үлестерін қосқан. Атап айтар болсақ, Ордаш Шәкенов марқұм 1987 жылы Ағадыр ауданына қарасты төртінші класты станция Айсаға 5 шақырым жердегі бұлақтан су құбырын тартқызуға ықпал етіпті.

Оған дейін ауыз суды тасып ішіп отырған 40 отбасы тұратын елді мекен әлі күнге сол құбырдың қызығын көріп отыр.

Ал Борантай Шәкенов марқұм болса тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары кір тасын көтеруден әлемдік чемпионатта күміс жүлдеге ие болған.

Осыдан 6 жыл бұрын 70-ке қараған шағында дүниеден өткен ол жас кезінде өте мықты спортшы болған екен. Ібікен ақсақалдың көзі тірі баласы Жанболат Шәкенов болса теміржолдағы ең бір ауыр жұмыстарды атқарғаннан бөлек 1973 жылдары Ағадыр станциясы халқын газбен қамту жұмыстарына атсалысқан.

Яғни ауданаралық газ шаруашылығы мекемесін үш жыл басқарып, вагондармен халыққа газ толтырылған баллон жеткізу ісін ұйымдастыруға зор үлес қосыпты. Адал еңбекті ту еткен теміржолшылар династиясының ұрпақтар сабақтастығы сақталып, текті әулеттің атақ-даңқы кейінгі дәуірлерге жете береріне сенім мол.