Жүк тасымалында жетістік бар

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Үстіміздегі жылдың бес айында темір жол көлігімен 100 млн тоннадан астам жүк тасымалданды. Бір ғана мамыр айында, «ҚТЖ» ҰК» АҚ желісі бойынша жалпы жүк тиелімі 20,7 млн тоннаны құрап, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2 % жоғары болды.

Мамырда 7,7 млн тонна көмір тасымалданып, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,5% жоғары болып отыр.

Соның ішінде ел ішінде тасымалданған қатты отын 5,3 млн тоннаны құрап, өсім 24% құраса, экспортқа 2,4 млн тонна көмір тиеліп жөнелтілген. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ мамандары алға тартқан дерекке сүйенсек, мамыр айында тарттырылған өнімдерді экспортқа тасымалдау 16%, түсті кен мен күкірт шикізаты 25% , химиялық тыңайтқыштар 6%, қара металдар тасымалы 9% өскен.

Және де 630 мың тоннадан астам астық тиелген. Мамыр айында жүк айналымы 19,1 млрд. т-км нетто құрап, өткен жылғы деңгейден 4,3% асып түскен. Ал 5 айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 92 млрд. т-км неттоға жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3% жоғары.

Жалпы қаңтар-мамыр айларында 101 млн тонна жүк тиелді. Атап айтқанда, 42 млн тонна көмір тасымалданып, соның 30 млн тоннасы қазақстандық тұтынушыларға жеткізілді.

Сондай-ақ, 3,5 млн тонна астық тасымалданды. Атап өтерлігі, қара металдар тасымалының 10%, түсті кен мен күкірт шикізатының 15% өскені байқалады. Демек, елдегі карантиндік шараларға қарамастан жүк тасымалында жетістік бар деп айтуға болады.