Көмек қоржынын ұсынды

Куаныш Кожаев

Куаныш Кожаев

Шығыстағы Семей ЖТ бөлімшесінің теміржолшылары қызмет барысында өндірістік жарақаттар алған байырғы әріптестеріне материалдық жәрдем көрсетті. Қала бойынша карантин шаралары 1 маусымға дейін созылғандықтан мүгедектік зейнеткерлікке шыққан жандар да тұрмыс барысында біршама қиындық көріп отырғаны белгілі.

Аталмыш шараға бөлімшедегі еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік бөлімі мен кәсіподақ комитетінің белсенділері ұйытқы болды.

Қазіргідей қиын-қыстау сағатта теміржол қызметкерлері өз әріптестерін ұмытқан емес. Сол себептен алдымен оларға арнап арнайы азық-түлік қоржыны әзірленген болатын.

Бір күннің ішінде сала қызметкерлері үйде отырған барлық әріптестеріне арнайылап барып, амандық сұрасып, бір реттік көмектерін берді.

Бөлім басшысы Сәкен Жұмаділов бастаған белсенділер қауымы тұрмыстық қажеттіліктер үшін әлеуметтік маңыздағы, бірінші кезектегі тұтынылатын азық-түліктер, сүт өнімдерінен кәрзеңкелер даярлады.

- Қызмет барысында өндірістік жарақат алып, жұмыстан шет қалғанымен де олармен байланысымыз үзілген емес. Мерекелер сайын, соның ішінде әр жылы еңбекті қорғау күнінде арнайылап барып, хал-жағдайларын біліп тұрамыз. Ал, биыл материалдық тұрғыдан көмек көрсету туралы бөлімше басшылығы тарапынан бастама көтерілген болатын. Әріптестерімізге сыйлықтар тарту еттік. Сонымен қатар, тұрмыстық мұқтаждықтары бойынша айтқан өтініштеріне де құлақ түрдік. Алдағы уақытта мекемелердегі кәсіподақ ұйымдары тарапынан да тиісті көмек көрсетілетін болады, - дейді аталмыш шараны ұйымдастырушылардың бірі Семей станциясының бас инженері Еркін Тойкенов.

Кешегі әріптестерінің көмегіне риза болған жандар белсенділерге алғыстарын білдірді.