Жіңішке станциясында рейд өтті

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Теміржол өткелдерінде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау аса маңызды. Әсіресе жолдың екі бетінде де елді-мекен орналасқан Жіңішке станциясының теміржолшылары жергілікті халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін рейдке жиі шығады.

Жуырда станциялықтармен қатар әскерилендірген күзет және желілік полиция қызметкерлерімен қауіпсіздік тақырыбы тағы көтерілді.

Тыйым салынған жерлермен өтуге құмар тұрғындарға теміржол қауіпсіздігі ережелері түсіндіріліп, кезекті рейд жүргізілді. «ҚТЖ» ЖТ»АҚ - Ақтөбе жүк тасымалдау бөлімшесіне қарасты Жіңішке станциясы күн сайын жүк вагондары тоқтаусыз жүретін өндірістік аумақта орналасқан.

Бірінші класты жүк станциясы Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Ақтөбе хром қоспалары секілді ірі жүк жөнелтушілермен жұмыс жасап отыр.

Қала және саяжай аумағын бөліп тұрған станцияда пойыздардың қарқынды қозғалысы, жиі жүретін маневрлік жұмыстар тұрғындарға белгілі бір қауіп тудырады.

Бұл әсіресе, жаз маусымы келгенде ойын балалары үшін қауіпті. Жіңішке станциясының ұжымы осы аптада саяжайлар мен өткелдерді аралап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Теміржол маңы қауіпті аймақ екенін есте ұстауды тағы да ескертті.

Қозғалып келе жатқан пойыздың, локомотивтің алдынан кесіп өтпеу, белгілерге, сигналдарға, хабарландыруларға құлақ түріп жүру керектігі айтылды.

Жүріп бара жатқан екі пойыздың арасында қалған жағдайда ауа ағынынан тепе-теңдікті жоғалтпау үшін пойыз толығымен өткенге дейін жерге жата қалу керектігі түсіндірілді.

Балаларға станция аумағында тұрған жүк вагондарының астына кірмеу, теміржолда ойнауға болмайтыны айтылды.

– Жолды қысқарту уақытты үнемдеуге емес, ауыр зардаптарға әкеледі. Мұндай әрекеттердің нәтижесі өлім немесе мүгедектік. Тұрғындарға қатты жылдамдықтағы жылжымалы құрамның қауіпті жағдайда автокөлік сияқты бірден тоқтау мүмкіндігі болмайтынын ескертумен келеміз. Өндіріске байланысты емес, бөгде азаматтардың теміржолда жарақат алуы немесе басқадай жағдайға ұшырауының алдын алу, болдырмауға арналған техникалық іс-шаралар бағдарламасы құрылды. Жаяу жүргіншілердің өткелдерден өту ережесі түсіндіріліп, арнайы жадынамалар да тұрақты таратылуда, - дейді Жіңішке станциясының басшысы Талғат Сағынов.

Тұрғын үй учаскелерінің теміржолға жақын орналасуы мен тұрғындардың теміржол желілеріндегі тыйым салынған жерлерді кесіп өту жағдайларының жиі тіркелуі, әрине теміржолшыларды алаңдатпай қоймайды.

– Тұрғындардың қарсы бағытта пойыздың жоқтығына көз жеткізбей, жолға шығу деректері жиі тіркеледі. Жолдарда жүру ережелерін бұзған азаматтар пойыз жылдамдығы сағатына 100 км жеткенін ескермейді. Тежеу қашықтығының ұзындығы 800 метрден асады. Апаттық жағдайлардың алдын алу үшін станция аумағына дауыс зорайтқыш байланысы орнатылды. Онда пойыздың жақындауы мен кетуі туралы ұдайы хабарланып отырады. Станция кезекшісі барлық пойыздардың келуі, кетуі және маневрлік қозғалыстар туралы ережеге сәйкес уақытылы хабарлайды, – дейді Сағынов.

Теміржолшылар, сондай-ақ теміржол аумағында тұратын ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыратынына қынжылады.

Рельс бойлап жүріп, шпалдар бойымен секіріп ойнайтын бала-шаға үшін қауіп екі есе екенін үлкендер түсінуге тиіс.

Теміржолшылар станция басында қауіпті деген жол бойын қоршау арқылы бөгде адамдардың қатысуымен болатын жазатайым жағдайлар азайып отырғанын да жоққа шығармайды.