Карантиндегі теміржолшылар жұмысқа шықты

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбеде карантинде болған 40-қа жуық теміржолшының денсаулығында кінәрат жоқ. Алгоритм тәртібі бойынша 14 күн үй карантинінде болғандар қайтадан еңбекке араласты.

Әлемде індеттің таралуы мен елдегі төтенше жағдай тәртібіне байланысты Ақтөбеде 39 теміржолшы карантинге жатып шықты. Олар Мәскеу бағытындағы жылжымалы құрамға қызмет көрсеткен. Пойызда болған екі жолаушының дене қызуы 37 градусты көрсетуіне байланысты шекарадан кіргізбей кері қайтарған. Пойыз-да болғандардың барлығы карантинге жатқызылды.

«Пойыз Қазақстан территориясына Ақтөбе облысы Қарғалы ауданының Кемпірсай елді мекені арқылы кірді. Сол жерде барлық адамнан анализ талдамалары алынып, бәрінде теріс көрсетті. Карантин тәртібі бойынша тексеру қорытындылары жақсы болғанымен жылжымалы құрамға қызмет көрсеткен барлық теміржолшы үй карантиніне жатқызылды. Карантин кезінде теміржолшыларға дәрігерлер күн сайын бақылау жасап тұрды»,- дейді Никельтау станциясының басшысы Өмірзақ Өтегенов.

Сонымен қатар, басшылық құрамның ұйымдастыруымен карантинде жатқан теміржолшылардың отбасына бірінші қажетті азық-түлік жеткізіліп, көмек көрсетілген. Олардың қатарында Никельтау станциясының алты жұмысшысы, жол дистанциясынан 20 маман, күзет қызметінен 4 адам, екі жолсерік және жеті вагоншы бар. Карантин режиміне қарамастан екінші класты станциядағы жүк тасымалы әдеттегідей жалғасып жатыр. Станция тәулігіне 20 жүк пойызын қабылдап-жөнелтеді. Жұмысшылардың барлығы антисептик пен бетперделермен толық қамтылған. Станцияда бетперде кию режимі қатаң сақталған.