Атырауда кеңседе жұмыс істейтін теміржолшылардың 35% «дистанциялық режимге» көшірілді

Косуим Мукашев

Косуим Мукашев

Атырау жүк тасымалы бөлімшесінде коронавирус инфекциясына қатысты қауіпсіздік шаралары жасалып жатыр. Кеңседе жұмыс істейтін кадрлардың 35 пайызы «дистанциялық режимде» жұмыс жасауға көшірілген. Олар негізінен инженерлер, техникалық құрам, есепқисап бөлімдері, т.б. Бірақ өндіріс тоқтамайды, барлық станциялар қалыпты режимде жұмыс жасайды.

Ондағы ауысымдық негізде жұмыс жасайтын мамандар барлық қауіпсіздік шараларымен қамтылған. Жұмысқа келген сәтінде барлығы да медициналық тексеруден өтеді, қызуы өлшенеді. Ауырып тұрғандары болса, жұмысқа жіберілмейді. Ауысым соңында, яғни жұмыс аяқталған соң, тағы да тексеруден өткізіледі. Барлық мамандар медициналық маскалармен қамтамасыз етілген.

– Бастапқыда кәсіподақтың қаражатына маскалар алып, түгел үлестірдік. Енді арнайы тендер өткізіп, бүгін-ертең маскалар мен респираторлар келеді деп отырмыз. Келген бойда барлық станцияларға жеткізіледі. Жұмысшылар екі сағат сайын қолдарын жуып, маскаларын ауыстырып отырады. Коронавирустан сақтану жөніндегі брошюралар таратылып, бейнероликтер көрсетіліп жатыр. Станцияларға келіпкететін жүктерді жөнелту, қабылдау жұмыстары бұрынғыдай атқарылуда. Рас, жолаушылар пойызында кідірістер бар, Астрахань-Атырау пойызы тоқтатылды. Ресеймен шектесетін Ақсарай станциясында бөлімшенің 30 шақты қызметкері ауысыммен жұмыс істейді. Оларды тасымалдайтын жұмысшы пойызы тоқтаған жоқ. Ол жерде СЭС қызметкерлері жұмыс істеуде. Бөлімше бойынша адамдардың көп жиналмауын қамтамасыз етудің бір парасы ретінде кейбір қызметкерлер 14 күннен еңбек демалысына жіберіліп жатыр. Ал, жалпы темір жолда уақытша жұмыстан босату немесе ақысыз күн беру деген жоқ. Бәрі де толықтай жұмыстарында. Сондай-ақ, селекторлық жұмыстар, жиналыстар әркімнің өз жұмыс орындарында онлайн түрінде өтіп жатыр, – деп мәлімет берді кадр қызметінің менеджері Е.Бержанов.

Ал, жалпы облыстағы ахуалға келсек, 25 наурыздан бастап халық көп жүретін маңызды орындар дезинфекциялануда. Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілерінен жасақталған топтың көмегімен өңірдегі маңызды нысандарды дезин фекциялауды бастап, іс-шараны арнайы даярлықтан өткен Қарулы күштердің биологиялық қорғау бөлімшелері жүргізуде. Олар жұмысқа АРС-14 автомобиль құю станцияларын пайдалануда. Жеке қорғаныс киімдерін киген әскери қызметшілер арнайы жуу құралдары мен «Рубеж» дезинфекциялық ертіндісі бар жеке газсыздандыру жинақтарын пайдалануда. Ерітінділер адамдар мен жануарлар үшін қауіпсіз.