Темірден түйін түйгендер

Жансая Сыдыкбаева

Жансая Сыдыкбаева

Темір екеш темір де тозып, сыр береді. Техниканы қайта қалпына келтіруде өндірістік цехтың, ондағы темірден түйін түйген шеберлер еңбегі ерекше екенін айтпаса да түсінікті. Бұл орайда, теміржол техникаларын жөндейтін механикалық цех жұмысының қозғалыс пен қауіпсіздіктің сақтауына қосып отырған үлесі ұшан-теңіз екенін сырт көз біле бермейді.

Шымкент жол дистанциясының механикалық цех бастығы Бақтияр Қанайбеков бастаған 25 адамның дені темірден түйін түйгендер десек, қателеспейміз.

Цех бастығының еңбек өтілі 11 жылды құрайды, байырғы темір шеберлерінің алды – 20-25 жыл осы цехта еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі слесарьлар мен дәнекерлеушілер, электриктер, машинистер, ағаш ұстасы, т.б. Шымкент жол дистанциясы құрылғалы қатар жасасып келе жатқан цехтағы техникалар мен станоктар негізін сонау кеңес заманынан келе жатқан «көненің көзі» құрайды.

– Мұнда қажетті құрал-жабдықтардың 80% ескірген. Шыны керек, өткен ғасырдың 50-60-шы жылғы станоктар ғой. Өндіріс болған соң қиындық болмайды емес, болады. Цехқа көбіне бұзылған техникалар жеткізіледі. Рельс, шпал, машиналар, дрезиналар. Солардың бәрін жөндеп, қайта қалпына келтіріп, қатарға қосу – айтуға оңай. Мысалы, бізге әкелетін дрезиналардың өзі 70% ескірген. Алайда, осыған қарамастан біз цехқа жөндеуге келген ол техникалардың бәрін жөндеп, жетпеген қосалқы бөлшектерді сатып алып, бір-біріне құрап, жамап-жасқап, қатарға қосамыз, – дейді цех бастығы Бақтияр Қанайбеков.

ПЧ-53 механикалық цехында техникалық жөндеу жұмыстары жыл он екі ай бойы жүргізіле береді, аптасына кемі 10 шақты техника жөндеуге келіп түседі екен. Мұндағы жұмысшылардың өтініші – цехтың жанынан арнайы бокстар салынса дейді. Себебі, кейде ауыр машиналарды, көліктерді ашық аспан астында тұрып жөндеуге мәжбүр. «Қыс демей, жаз демей, жауын-шашын мен оңтүстіктің аптап ыстығында ашық аспан астында еңбек етеміз. Егер арнайы бокстар салынса, жұмысымыз бұрынғыдан да өнімді болар еді» деген цех жұмысшыларының уәжі орынды екені анық. Еңбек қорғауға бөлінетін қаржы осындай игі істерге жұмсалса керек. Қандай жағдайда да теміржолдың тіршілігін тоқтатпай, бір техника болсын мүлтіксіз жөндеп, қатарға қосып жатқан теміржол мекемесінің ұстаханасында тынымсыз еңбектеніп жатқан темір шеберлерінің еңбегін қорғау қажет дер едік.