Қозғалысқа қауіп төндірді

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

Жеңіл табыс табуды ұрлық деп түсінгендер пойыздар қозғалысына қасақана қауіп төндіріп, теміржол мүлкіне қол салғаны – қылмыстың ең ауыр түрі.

Оқиға 28 қаңтар күні болған еді. Аталған дерек бойынша Маңғыстау станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің криминалдық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғап, қазір сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде.

− Сол күні сағат 16:30-да Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің ғимаратында орналасқан пойыздар жүрісін қадағалаушы Маңғыстау–Бейнеу телімі диспетчерінің мониторында №16-15 бекет аралығы блок учаскесінің бағдаршамдары жалған жабылу сигналдарын көрсетеді. Бұл туралы пойыз диспетчері тез арада белгі беруші және байланыс дистанциясы диспетчеріне (ШЧ-10) хабарлайды. Ақаулықты түзету және оның неден болған нақты себебін анықтау мақсатында ШЧ-10 байланыс диспетчерінің бұйрығымен №15 пен №16 бекеттерде күнделікті жоспарлы жұмыстарды орындап жүрген СЦБ электромеханиктері Н.Есмағанбетов, М.Салихов жіберіледі. Электромеханиктер оқиға орнына келгенде 372-шақырымның бірінші пикетінде, 360-шақырымның сегізінші пикетінде орналасқан теміржол көпірінің жанынан асбест құбыр ішімен өтіп жатқан теміржол бағдаршамдар мен релелік сигналдардың жұмысын қамтамасыз ететін кабельдің бөгде адамдар тарапынан балтамен шабылғанын көреді. Жалпы ұзындығы 270 метр кабель қолды болған, – дейді осы жөнінде ақпарат берген Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінің сектор меңгерушісі Аманбай Аққулов.

Сол сәттегі жағдайды өз бақылауына алған пойыз диспетчері М.Айтжанов сағат 17:00-де ЦАБ АЛСО әрекетін тоқтатқаннан кейін пойыздар қозғалысын станция кезекшілеріне телефон арқылы, жазбаша жол парақшасымен жүргізуді тапсырады. Орын алған ақаулық сол күні түнгі сағат 22:20 толықтай қалпына келтіріледі. Ұрланған кабельдің шығын көлемі 346 447, 8 теңгені құрайды.