Індетті жеңу – міндет

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

Әлем елдеріне тарап жатқан пандемиялық індеттің ел аумағында өршуіне тосқауыл қою үшін жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жайында Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі бастығының вокзал шаруашылығы жөніндегі орынбасары Бейбіт Садықбеков айтып берді.

Оның сөзінен білгеніміздей, өңірдегі теміржол саласында санитарлық-эпидемиологиялық шараларды, дезинфекция, дезинсекция және осыған ұқсас қызмет түрлерін келісім негізінде мердігер компания «Жамбыл-Теміржол-Дезинфекция» ЖШС атқаруда екен.

«Басшылық тарапынан коронавирусқа қатысты арнайы іс-шаралар жоспары жасалып, бекітілді. Ең бастысы, осы аптаның ішінде вокзал шаруашылығы департаментінің тапсырысы негізінде коронавирустық инфекцияға қарсы препараттар толығымен жеткізіледі. Станциялар мен вокзалдардың тазалығы – басты назарда, халық жиналатын жерлердің ауасы жиі тазартылып жатыр», – деген Б.Садықбеков әр күн сайын Жамбыл теміржолы басшылығы кеңейтілген жиын өткізіп, «Коронавирустың алдын алу шаралары туралы» хаттамалар толтырылып, қауіпсіздік шараларының алгоритмі жасалғанын жеткізді.

Сондай-ақ, қазіргі таңда «Жолаушылар тасымалы» АҚ кассирлері, жекелеген агенттіктері, инспекциялық қызмет инспекторлары, станцияның жалға алушылары – барлығы қорғаныш маскасын тағу режиміне көшірілген.

Өнеркәсіптік техникалық қызметкерлер үш сағат сайын дезинфекциялық жұмыстар жүргізіп, бөлмелерді ылғалды түрде тазалайды. Тараз теміржол вокзалын аралау барысында арнайы бейнеэкран арқылы тәулік бойы жолаушыларға коронавирустың алдын алу шаралары туралы деректі сюжеттер көрсетіліп тұратынын байқадық. Станцияларға кіру және шығу есіктерінің тұсына антисептикалық құрылғылар орнатылған.

Сонымен қатар көпшілікке қажетті мәліметтерді дауысзорайтқышпен хабарлап отыратын кезекші қызметкер – диктор коронавирустық инфекцияның алдын алу шаралары туралы жиі қайталап, ақпарат беріп жатты.

«Аймақтағы барлық вокзалдарға коронавирустық инфекцияның алдын алу бойынша нұсқаулықтар орналастырылды. Жамбыл магистральдық желі бөлімшесінің басшылығы пандемиялық жағдайға байланысты үнемі жұмыс режимінде. Олар аталған оқиғаларға қатысты ережелердің сақталуын тұрақты түрде бақылап отыр», – деп атап өтті бөлімше бастығының вокзал шаруашылығы жөніндегі орынбасары.