ҚТЖ қызметкерлері бір күндік жалақыларын аударды

Әлемдік пандемия төңірегіндегі ахуалға байланысты Қазақстанда Президент әкімшілігінен бастап барлық мемлекеттік органдар мен компания қызметкерлері бір күндік жалақыларын коронавирусқа қарсы күреске аударуда. Олардың қатарында теміржолшылар, «ҚТЖ» ҰК» АҚ қызметкерлері де бар.

Аталған қаржы карантин енгізілген Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы COVID-19 коронавирус эпидемиясымен күреске қажетті іс-шараларды жүзеге асыруға, халықтың әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтарын, көп балалы отбасылар мен мүгедектерді, жұмыссыз қалған азаматтарды қорғауға бағытталады. Ел басына күн туған шақта барлық қазақстандықтар бір мақсат жолында күш біріктіру арқылы ғана індетті жеңу – міндет деп санайды.

Еске сала кетсек, елімізде 2020 жылдың 19 наурызы бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 44 адамға жетті. Соның ішінде Алматы қаласында – 19 адам, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша - 25 адам болды. Бейсенбіде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 7 науқас тіркеліпті, олардың бәрі - Қазақстан азаматтары. Жастары 25-52 аралығында. Бұрын барлығы да ауырған адамдармен байланыста болған. Стационарда емдеуге алынған бұл азаматтар карантинде жатыр.