Темір жол вокзалдары - ерекше назарда

Райхан Рахметова

Райхан Рахметова

Коронавирус індетінің өршуіне байланысты адамдар көп шоғырланатын орындардың бірі – темір жол вокзалдары басты назарға алынды.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ теміржол вокзалдарында коронавирус таралуының алдын алып, қауіпсіздік шараларын қолға алып, әсіресе, Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей қалаларының және Достық станциясы вокзалдарына ерекше назар аударылуда. Аталған вокзалдардың кассирлері мен кезекшілері, өзге де қызметкерлері антисептиктермен, қорғаныш қолғаптарымен, маскалармен қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ жұқпалы індет белгілері бар тұлғалар анықталған жағдайда қауіпсіздік шаралары мен іс-әрекеттері бойынша қызметкерлерге нұсқаулықтар өткізілуде. Еліміз бойынша вокзалдар барлық ғимараттарды зарарсыздандыруды тұрақты жүргізуге арнайы жуу құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Бұған қоса аурудың алдын алу шаралары туралы жолаушыларға дауыс зорайтқыштар арқылы жиі-жиі хабарланып, желдету жүйелеріне ревизия ұйымдастырылуда. Коронавирус індетінің белгілері туралы жадынама да ілінді. Тағы бір айта кетерлігі, коронавирус індеті таралуы жағдайында жоспарын өзгертіп, жол жүру билеттерін өткізу туралы шешім қабылдаған жолаушылар оны сатып алған орындарға – интернетсайттары мен билет кассаларына қайтара алады.