Вокзалдағы қабылдау: сұраңыз, жауап береміз

Шахида Жуманова

Шахида Жуманова

«Вокзалдағы қабылдау» республикалық акциясы аясында Маңғыстау теміржол вокзалында тағы да бір топ құзырлы мекеме өкілдері халықпен кездесті.

Бұл жолғы жүздесу тақырыбы халықтың ҚР көшіқон саласындағы заңнамасына сәйкес жүріп тұру мәселесі болды. «Нұр Отан» партиясының, көлік прокуратурасының, теміржол вокзалының, желілік ішкі істер бөлімшесінің өкілдері вокзалға келіп-кетіп жатқан халықтың осы мәселе төңірегіндегі сұрақтарын тыңдап, өз құзыреттері шеңберінде жауап берді.

Сондай-ақ Маңғыстау станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің мамандары жолаушылар вагондарында біреудің мүлкін ұрлаудың, перрондар мен вокзалда, жалпы теміржол аумағында, онымен жүргенде түрлі тәртіпбұзушылықтар мен құқықбұзушылықтар жасаудың салдарынан хабардар етті. – Бейнеу арқылы теміржолмен Өзбекстан, Қарақалпақстаннан облыс орталығына, оның маңындағы ауылдарға келіп-кетушілер Маңғыстау вокзалынан өтеді.

Сондықтан мұнда шетелдік азаматтар көптеп кездеседі. Іс-шара барысында біз оларға Қазақстан аумағына кіруі және болуы, қанша уақыт мерзімде ішкі істер органына тіркелуі керектігін айтып, түсіндірдік. Егер олар шетелдіктің жүріп тұруы туралы еліміздің заңнамасын бұзатын болса, қандай жауапкершілікке тартылатынын ескерттік, − дейді Маңғыстау станциясындағы желілік полиция бөлімшесінің аға инспекторы Эльвин Эльшадоғлы.

Вокзалдағы жолаушылар мамандарға түрлі сұрақтармен жүгінді. Олар өзбек елінен үш ай мерзімге рұқсатпен келген адам Қазақстанда әрі қарай да бұл мерзімді ұзартуға, уақытша мерзімге келген көрші ел азаматының заңды тіркеліп жұмыс істеуге мүмкіндіктері, ҚР азаматтығын қанша уақытта алатындығы туралы да білгісі келді.