Жең ұшынан жалғасуға жол жоқ

Сулугуль Бакесова

Сулугуль Бакесова

Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев қоғамдық індеттің бірі – сыбайлас жемқорлыққа қатысты да түсінік беріп өтті.

Бұл мәселенің тамырына балта шауып, түбегейлі жойып тастау бір күн немесе бір жыл мәселесі еместігін, алайда, 2019 жылы компанияда жең ұшынан жалғасқан құбылыстарды болдырмау мақсатында бірқатар шаралардың іске асқанын жеткізді.

«Жұмысқа орналастырудың жаңа ашық схемасы әзірленді. Ол бойынша компания мен оның филиалдарына жаңа қызметкерлерді алу барысы орталық аппарат деңгейінде, толығымен орталықтандырылған. Қамтылуы – 57 мыңнан астам жұмыс орны. Орталықтандырылған жұмысқа алу аясында 1600-ден астам қызметкер еңбекпен қамтылды. Ал биыл ҚТЖ-ның барлық бизнес-бағытын қамтуды жоспарлап отырмыз», – деді Сауат Мыңбаев.

Сонымен қатар, «Жолаушылар тасымалы» АҚ өткен жылдың 1 шілдесінен бастап билеттер сатылымы қазақстандық «Мобиус» жүйесіне толығымен көшкенін, ал бұл жаңа жүйе билеттерді алып қайта сатуға мүмкіндік бермейтінін, яғни жаңа жүйе бойынша бос орындарды ұстап алуға шектеу қойылған, ол билеттерді Күту парағы бойынша кезек тәртібімен сатып алу мүмкіндігі жасалғанын да жетістік деп бағалады.

Біз жүк вагондарын басқаруда толық қағазсыз технологияға көштік. Қазіргі кезде барлық республика ішілік қатынаста электронды тасымалдау құжаттарын рәсімдеу 90% құрап отыр. Бұл тәжірибені кеңейте түспек ойымыз бар», – деген компания басшысы, өткен жылы барлық филиалдар мен еншілес ұйымдарда аудио және бейнежазбамен жарақтандырылған, жиһаздармен және ноутбуктармен жабдықталған арнайы кеңселер ұйымдастырылғанын, онда әлеуетті жеткізушілермен сатып алулар мәселелері бойынша келіссөздер, шағымдарды қарау,тағы басқа жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.