Кешенді тексеру кестеге сай

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Қызылордалық ревизорлар аппараты жылжымалы құрамдардың қозғалыс қауіпсіздігін арттыруды жетілдіру үшін белгіленген жұмыс жүйесімен кешенді тексерулер ұйымдастырып, кездескен олқылықтардың дер кезінде орнына келтірілуін қадағалап, кешенді тексерулер өткізуді дәстүрге айналдырған.

Бұл жолы да кестеге сай теміржол нысандарына еріген қар суынан төнетін қауіптің алдын алу, көктемгі жауын-шашыннан сақтануды қадағалап, бөлімше бойынша Сексеуіл-Қоскөл, Сексеуіл-Шорнақ станциялары арасындағы телімдерде тексеру жүргізілді.

Бөлімшенің солтүстігіндегі Жосалы станциясына келген ревизорлық аппарат өкілдерімен бірге жолдардың жағдайын, нысандардағы электрмен жабдықтау, байланыс құрылғыларының жұмысын бақылап тексеру тобымен станциялық жолдарды, нысандарды аралап көрдік. Бөлімшенің жол шаруашылығы бойынша ревизоры Әмірхан Жүсіпбеков жол шебері Әділ Сартаев пен 6-разрядты жол жөндеуші Болатбек Шакиевті жанына ертіп, станциялық жолдардың әр метрін мұқият тексеріп, талап деңгейін анықтауда.

– Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі бойынша Сексеуіл-Қоскөл, Сексеуіл-Шорнақ телімдеріндегі локомотив, вагон, белгі беру, электрмен жабдықтау және жол шаруашылықтарында қозғалыс қауіпсіздігінің жай-күйін тексерудеміз. Қазіргі таңда ауа температурасының күрт жоғарылауына байланысты теміржол бойында қар суының жиналып қалуының алдын алу, теміржол төсемдерінің жағдайын сараптау, тоңның жібіп, жолдың ауытқуы секілді қолайсыздықтарды болдырмау үшін ревизорлық аппарат құрамы жол бойын түгел тексеруден өткізіп, бекеттердегі теміржолшыларға осы жағдайларды түсіндіріп келеміз. Табылған олқылықтарды дер кезінде тіркеп, оны жедел жою жұмыстары да қоса қабат жүріп жатыр. Әзірге аса қауіпті кемшілік анықталған жоқ. Бүгін Жосалы станциясын тәмамдап, әрі қарай келесі бекетке аттанамыз, – деді жол шаруашылығы ревизоры Әмірхан Жүсіпбеков