Коронавирустың алдын алуға іс-қимыл

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі Жамбыл вагон пайдалану депосының техникалық қызмет көрсету пунктінде коронавирус инфекциясының алдын алуға бағытталған оқу-жаттығу шарасын ұйымдастырды.

Бүкіл әлем жұртшылығын алаңдатып, күннен-күнге өршіп бара жатқан індеттің белгілері анықталған жағдайда оқиға орнынан табылатын санитарлықкарантиндік пункт кезекшілері алғашқы медициналық жәрдем көрсетуге тиіс.

Бұл орайда, ірі қоғамдық орындардың бірі болып саналатын жолаушылар пойызында қалай әрекет ету керек? Іс-шарада «Алматы-Маңғыстау» бағытындағы жо- лаушылар пойызының 5-вагон жолсерігі жолаушыдан шартты түрде коронавирус дертінің белгісін анықтап, оны дер кезінде кезекшіге хабарлады.

Өз кезегінде кезекші мәліметті пойыз басшылығына жеткізіп, арнайы тапсырма негізінде жолсерік науқасты оқшауландырып, вагонның барлық есіктері жабылғанына көз жеткізді. Артынша күдікті науқаспен қарым-қатынаста болған жолаушылар да бөлек орынға оқшауландырылып, пойыз ішіндегі қозғалыс тоқтатылды. Көп ұзамай Жамбыл теміржол бекетіне аялдаған пойыздың 5-вагоны алдында жедел медициналық жәрдем қызметкерлері мен қорғаныш киімдерін киген санитарлық қызмет мамандары көмек көрсетуге дайын тұрды.

Олар алдымен науқасты арнайы карантиндік боксқа жатқызып, содан кейін ауруханаға алып кетті. Артынша оқиғаны бақылап тұрған санитария мамандары вагон ішіне дезинфекция жұмыстарын жасауға кірісті. Содан соң пойыздағы жолаушылардың мекенжайлары алынып, оларды бақылау мақсатында жолаушылардың байланыс нөмірлері Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасына жолданды. Оқу-жаттығу кезінде ең алдымен мамандардың жедел де сауатты іс-әрекетіне баға берілді.

Айта кетерлігі, қазіргі кезде Қытайдан тараған індеттен қайтыс болған адам саны 3 мыңға таяды. Ал әлем елдерінде коронавирус жұқтырғандардың саны 86,5 мыңнан асты, оның 6,7 мыңы ауру ошағынан басқа елдерде тіркелген. Айта кетейік, қазіргі таңда өршіп тұрған тәж дертіне байланысты Жамбыл облысы әкімдігінің тапсырмасымен бірқатар ілкімді шаралар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қазынасы есебінен Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесіне 28 млн теңге бөлініп, оған арнайы санитарлық жабдықтар алынған.