Әуезхан Салықбаев 91 жасында дүниеден өтті

Оңтүстіктегі ең ірі теміржол торабы, Орта Азияның қақпасы атанған Арыста туып-өскен, бүкіл саналы ғұмырын отандық теміржол саласын дамытуға арнаған Құрметті теміржолшы, Социалистік Еңбек Ері Әуезхан Салықбаев 91 жасында дүниеден өтті.

Әуезхан Салықбайұлының Арыс станциясының өсіп-өркендеуіне жұмсаған ерен еңбегі ешқашан өшпек емес. Өткен ғасырдың 60-80 жылдары «маршруттар фабрикасы» атанған Арыс Одақ теміржолындағы таңдаулы станцияның бірі болды.

Қазақ теміржолы тарихында Бүкілодақтық социалистік жарыстарда 34 рет жүлде алған жалғыз станция болды. Еңбек жолын 14 жасында Арыста вагон тізімдеуші болып бастап станция бастығына дейін өскен Әуезхан Салықбаевтың шебер ұйымдастырушылық қарым-қабілеті мен таланты одақ теміржолшылары үшін тәжірибе мектебіне айналды.

Ұзақ жыл Арыс станциясын басқарған ол 1979 жылы Шымкент теміржолының бастығы болып тағайындалып, 1993 жылға дейін жемісті еңбек етті. Зейнетке шыққан соң қалған өмірін туған қаласы Арыста өткізген ардагер теміржолшы сол кездегі көптеген мемлекеттік наградаларды иемденумен қатар есімі Қазақ КСР-нің Алтын Кітабына енгізілген.

Қазақ теміржолының абыз ақсақалының дүниеден өтуіне орай біз марқұмның туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Әуезхан Салықбайұлының жарқын бейнесі онымен қызметтес болған жандардың жадында ұзақ уақыт сақталады.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығы мен ұжымы