Дәріс пен шыңдалу сабағы

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес ҚТЖ компаниясы қолға алған «Цифрлы теміржол» жобасын жүзеге асыру бағытында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ Қызылорда бөлімшесі филиалында екі күндік ғылыми тәжірибелік семинар өтті.

Автоматты басқару жүйесі бойынша жас мамандарға дәріс беру және шыңдау, оларға өз идеяларын өрбіту мүмкіндігін беруді көздеу бағытында алғаш рет ұйымдастырылған екі күндік семинарды Қызылорда ЖТ бөлімшесінің қолдауымен Нұр-Отан партиясы «Теміржол» филиалы ұйымдастырды.

Таптаурын болған форматтан тыс өткен шарада үш топтан құралған команда «Квест» жанрындағы командалық интерактивті ойындар арқылы тасымалдау үдерісін, тіпті тасымалдаудан түсетін табысты ұлғайту бағытындағы стратегиялық бастаманы жүзеге асыруда өзара пікір сайыстарға түсіп, қарымқабілеттерін көрсетті. Бөлімшенің білікті де тәжірибелі мамандарынан құралған дәріскерлер тобы жас мамандармен еркін форматта пікір алмасып, әртүрлі ситуациялы мәселелерде Исикава диаграммасының пайдалылығын, оны шешу жолдарын үйретті. Одан бөлек қатысушылар жаңа бастамалық жобаның жазылуынан тәжірибе жинақтап, оны дайындау әдістерінен дәріс тыңдап, шыңдалу сабақтарын алды.

– Жас мамандарды табысты жұмыс жасауға даярлау мақсатында ұйымдастырылған форум өз жүгін толық көтерді деп айта аламыз. Жоғары интеллектуалды ойын үлгісін танытқан «Көк тепловоз» тобы І дәрежелі, «Сары күртеше» тобы ІІ дәрежелі, ал «Жасыл бағдаршам» тобы ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталып, қатысушылардың бәрі арнайы сертификат алды, – дейді шараны ұйымдастырушылар атынан «Теміржол» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Базара Танбаева.