Болашақ теміржолшылар теориядан практикаға көшті

Асхат Райқұл

Асхат Райқұл

Тараз темір жол көлік және коммуникация колледжі «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ Жамбыл бөлімшесімен өндірістік машыққа оқыту жүйесі негізінде жыл сайын келісімшарт жасап отырады.

Қазіргі таңда колледжден «Станция кезекшісі» мамандығы бойынша білім алатын 60 студент, оның ішінде білім ордасының 25 түлегі бекітілген жетекшілерімен ауыспалы кесте арқылы іс-тәжірибеден өтуде. Олар станция парк кезекшісі, №1, 2, 4 техникалық кеңсе, бекет кезекшісі, маневрлық бекет кезекшісі, дөңес бойынша кезекшісі, орталықтандырылған бағыттама операторы сынды мамандықтардан шеберліктерін шыңдауда.

– Болашақ теміржолшылар Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесіне сабақ жоспары бойынша аптасына екі мәрте барып, таңдаған мамандықтары негізінде болашақта қандай жұмыс атқаратындарын біліп, көріп үйренеді, істәжірибе жүзінде машықтамадан өтеді. Сонымен қатар ашық сабақтар барысында өндірісте өздерін қалай ұстауы керектігін түсінеді және әр бөлімшеге барып, өздеріне керек мағлұматтарға қанығып, ой бөліседі. Болашақ мамандар теміржолшылармен тығыз байланыста жұмыс істеп, теориялық жағынан ғана емес, тәжірибелік тұрғыдан да біліктіліктерін арттырады. Сондықтан, осындай мүмкіндік беріп отырған Жүк тасымалы бөлімшесінің басшылығына алғысымыз шекісіз, – дейді білім ордасының оқу-өндіріс шебері Альжана Қостаева.

Олардың өндірістік тәжірибеден қауіпсіз және кедергісіз өтуіне Жамбыл жол бөлімшесі тарапынан барлық жағдай жасалған.