Ақпандағы ағымдық жөндеу жүргізуде

Сабырхан Надирбаев

Сабырхан Надирбаев

Ақпан айындағы ауа температурасының нөлден жоғары көрсеткіште болуы жосалылық жолшылардың жұмысын ширатып, кәсіби жауапкершілігін арттыра түскендей. Олар жылжымалы құрамдардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін өз телімдерінде жоспарлы жұмыстарын тоқтатпай жүргізуде.

Қазалы жол дистанциясының Жосалы станциясындағы 15-айналымының 5-телім жолшылары бүгін бекеттің оңтүстік алқымындағы 3-жолында ағымдық жөндеу жұмысын жасап жатыр. Дистанция басшылығының бекіткен тапсырмасы бойынша жол шебері Әділ Таңқаевтың басқаруымен рельсті көтеретін құрылғылары мен рельс бекітпелерін бұрайтын кілттерін, сом темір секілді құрал-саймандарын сайлап алып жұмысқа кіріскен жолшылар Нұрлан Ахметов, Балтабек Шакиев, Мұрат Құдабаев, Ораз Кәрібаев, Тимур Киришенко, Жаңабек Таңбаевтың іс-қимылдарын басқарып, бақылап жүрген жол шеберінің қырағы көзінен ештеңе тыс қалмайды. Бәрін өлшеп, кесіп-пішіп тұр.

– Жолдардың техникалық талапқа сай болуын қамтамасыз ету үшін біздің бесінші телім жол жөндеушілері бүгін бекеттің 3-жолында рельс астындағы прокладкасын ауыстырып жатырмыз. Жолдарды шаблон-деңгеймен өлшеп тексергенде техникалық талап өлшемінен айырма бар екенін анықтадық та дереу ретке келтіруге кірісіп жатырмыз. Телімдегі жол жөндеушілердің дені – тәжірибелі, жұмыста әбден ысылған 4 және 6 разрядты жол жөндеушілер. Сондықтан жөндеу сапасына сын болмасы анық. Десек те, мың рет өлшеп, бір рет кескеннің артықшылығы жоқ, – деді рельсасты төсемелерінің ауыстырылу барысын бақылап, рельсті оқтыноқтын өлшеп жүрген жол шебері Әділ Таңқаев.

Жолды қайта-қайта шаблонмен өлшеп, деңгейін анықтап, ауытқулар болса ретке келтіру – жолшылардың негізгі жұмысы. Өлшеуіш құрал шаблонның тепе-теңдікті көрсететін бөлігінен рельстің ауытқуы байқалса, дер кезінде қалыпқа келтіру қажет.

Бұл – қозғалыс қауіпсіздігін сақтаудың бір шарты. Мәселен, бүгінгі жұмыс та станциялық 3-жанама жолды шаблонмен тексергенде жолдың бір жағына қарай ауытқуын анықтаған соң жоспарланған. Жұмыс басында жолшылар жолды қайта-қайта өлшей отырып, рельс бекітпелерін босаңсытып, жолды көтергіш құрылғы домкратпен көтеріп, қажетті көлемдегі төсеме салып қайта бекітіп, қайта өлшеп алып, рельсті бекітпелеріне бекіту шараларын жасап, техникалық талапқа сай ретке келтірілгенше тыным таппады.