Кірме жолдарда кіріс артты

Ардақ Ерубаева

Ардақ Ерубаева

Ақтөбе ЖТ бөліміне қарасты Жем станциясында 20 қабылдап-жөнелту жолы бар. Пайдалы қазбаларға бай кен орындарының үстінде отырған станцияда жүк тиеу және жүк түсіру жұмыстары қашан да қарқынды.

Ақтөбенің Мұғалжар ауданы мұнай-газ өнімдерінен басқа, тау-кен пайдалы қазбаларға толы. Өңірдегі алпауыт мекемелердің бұрғылау, қазба жұмыстары осы аймақтарда жүргізіледі. Тасымалдау жұмыстарының дені теміржол арқылы жүзеге асырылады.

Сондықтан ел экономикасына серпін беріп отырған бұл компаниялар Жем станциясымен байланысты нығайтқан.

Екінші класты Жем станциясында арнайы құрамдармен жұмыс жасайтын оннан аса жол бар. Онда ең үлкен жүк жөнелтуші және қабылдаушы болып табылатын «СНПС» Ақтөбе Мұнайгаз» мекемесіне қарасты 85 шақырым жердегі Жаңажол станциясы бар. Бұл зауыттан күніне екі рет 34 вагоннан жүк жіберіледі. Және екі рет жүк шығарылады. Екінші үлкен мекеме – станциядан 18 шақырым жерде орналасқан «КАЗГЕОРУД» ЖШС. Онда 2019 жылдың шілде айынан бастап жаңа қатынас жолы ашылған. Осы станциядан 42 вагон сол мекемеден жүк тиеліп, шығады. Ол жүктер тікелей Кемпірсайға жіберіледі. Қазіргі уақытта станцияға негізгі табыс әкеліп тұрған мекеме болып есептеледі. Шілде айында 966 вагон, тамызда 1595 вагон, қыркүйекте 2128, қазанда 1806, қарашада 1638, желтоқсанда 2857 вагон тиелген.

«КАЗГЕОРУД» ЖШС-нен тиелетін негізгі жүк – мыс. Қосымша жолдарда орта есеппен күніге 20 вагон тиеледі. Онда алтын қоспасы бар тастар Қостанай облысына жөнелтіледі. «AltunRx» компаниясы да Жем станциясымен байланыс орнатқан.

– Айналамыз пайдалы қазбаларға толы. Сондықтан жүк тиеу жұмыстарын жоспарға сай орындамасақ бізге сын болар еді. Берілген тапсырмаларды артығымен орындадық. Кірме жолдардан түскен кіріс ең үлкен табыс көзі болып отыр. «КАЗГЕОРУД» ЖШС – болашағынан үміт күттіретін мекеме. Жүк тиеу қарқыны жоғары. Компания өз тарапынан биылғы жылы тиеу жоспарларын көбейтетінін айтты. Бұл – біз үшін қосымша табыс, – дейді Жем станциясының бастығы Қоблан Бектұрғанов.

Станцияда 70-ке жуық теміржолшы еңбек етеді. Қызметкерлердің көпшілігі, әсіресе пойыз құрастырушылардың дені – жастар. Станция арқылы күніге 20 вагон деп есептегенде бір айда 600 вагон бағалы металл өнімдері тасымалданады. Қозғалыс құрамының барлығы әскерилендірілген күзет қызметімен бақылау қамтылған.

– Жыл жаман басталған жоқ. Кірме жолдар кірісті арттырып отыр. Барлық еңбек–- ұжымның ауызбіршілігінен. Жастардың істері тиянақты. Гүлшат Жармағанбетова, Мұрат Оразбаев, Әділжан Назарбаев сынды мамандар есімін айрықша атап өтер едім, – дейді станция басшысы.

Станцияға арнайы сапарымыз барысында жас мамандарды да сөзге тартып, теміржолшы болғанын мақтан тұтатын жастар легінің барына көз жеткіздік. Теміржолшылар тілінде «басмачник», яғни вагондар жылжып кетпеу үшін табандықтарына бекітпе башмак қоятын маман Ерлан Зейнеш біреуінің өзі 7 келі болатын бекітпелермен жұмыс істеу тәсілін көрсетті бізге. «Жұмысқа қабылданған күннен бастап тәжірибелі мамандар кеңестерін аяған емес.

Бекітпелермен қалай жұмыс жасау, қолдану ережелерін көрсетіп келеді. Бекітпелерді вагондарға орналастырудың да өз формуласы бар» деген ол жылжымалы құрамның ой болып тұрған жағына қарай бекітпелер көбірек қойылатынын көрсетті. 70 вагонды пойызға алдын ала есептеп, формуласын шығарып алады екен.

«Вагондардың жүк тиеуге жарамдылығын тексереміз. Олардың жағдайын тиелетін жүктерге байланысты бақылаймыз. Осыған дейінгі жүктердің қалдықтары қалмауын, таза болуы қадағаланады. Сонымен қатар тиелген вагондардың қалай тиелгенін ден мұқият қарап шығарамыз. Орта есеппен күніге 150 вагон бақыланады. Кейде одан да көп болады. Жұмысым өзіме ұнайды. Уақыт босқа өтпейді, үнемі еңбек алаңында жүресің. Өзіңе артылған жауапкершілікті сезінесің», – дейді тағы бір жас маман Жәнібек Елубай.